Білім

Бала құқығы басты назарда

Жуырда «Балалардың құқықтарын қорғау қоры» ҚҚ сарапшысы Мансия Исказина бастаған «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс тобы Ойыл ауданының бірқатар білім беру мекемелерін аралап, балаларды әлеуметтік қолдау, олардың құқықтарының қорғалуы, мектеп жанындағы интернаттарда тұру жағдайларына мониторинг өткізді.

Мониторинг топ мүшелерін күтіп алған аудан басшысы Асқар Қазыбаев аудан көлемінде отбасы, әйелдер және балаларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау мәселелері төңірегінде мағлұмат беріп өтті.
Тарқатып айтсақ, алдымен Ә. Дербісалин атындағы орта мектепте болған мониторинг топ ондағы іс-қағаздарынан бастап, тазалыққа дейін зер салып қарады. Мониторинг барысында әдістемелік нұсқамалар бере отырып, кейбір назар аударатын кемшін тұстарды да атап өтті. Ә.Дербісалин мектебі жанындағы интернатта тамақтардың сақталу тәртібіне ескертулер жасады. Одан кейін, Ш.Берсиев атындағы орта мектебі, Құрман орта мектебі жанындағы интернаттарға арнайы барып, балалардың жай-күйін білді. Яғни, ата-аналарынан жырақ жүріп, білім алып жатқан балаларға интернаттардың қалай қызмет көрсетіп жатқандарына куә болды. Аталған мектеп жанындағы интернаттарда тамақ пен дәрінің мерзімі өтіп кеткен кембағал тұстарымыз кездесіп жатты. Мұндай жайтқа тап болған «Балалардың құқықтарын қорғау қоры» ҚҚ сарапшысы Мансия Исказина Ойыл аудандық білім бөлімінің басшысына тамақ пен дәрінің мерзімі секілді қосымша өзекті мәселелерді тез арада түзетуге тапсырма берді. Бұл мүлде жұмыс жүрмеген дегендік емес. Жұмыс жасалған жерде сын да болады, мақтау-мадақ та болады. Демек, «Мін түзелмей сын түзелмейді». Әрі қарай жалғасақ, балалардың құқын қорғауға баса мән берген мониторингтік топ құрамы кештің кіргеніне қарамастан іңір қараңғысында Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп- гимназиясы жанындағы интернатта болды. Ондағы жағдаяттарға көңілі толған Мансия Аяпбергенқызы «үздік» деп бағалап, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуоваға аталмыш интернаттың іс- тәжірибесін облыс көлемінде таратуға ұсыныс берді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Саралжын-Қаратал-Көптоғай-Ойыл.

Басқа жаңалықтар