ӘлеуметБасты тақырып

«АУЫЛ АМАНАТЫ» АУЫЛ ЖАСТАРЫНА ЖАҢА МҮМКІНДІК

Өткен бейсенбі «Ауыл аманаты» қоғамдық қорының өкілдері Даржігіт Ғалелұлы, Ақнұр Көздібай, Нұрсұлтан Қалдыбай Ойыл аграрлық колледжінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жастармен кездесті. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген жобаның мақсатымен, жастар үшін жеңілдетілген несиелер алу жолдарын айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ кәсіп ашудың қыр-сырына тоқталып, жастарға бизнес жоспар дайындау керектігін жеткізді. Кездесуден соң мамандар аудан әкімі Асқар Қазыбаевтің қабылдауында болды. Ойыл ауданындағы «Ауыл аманаты» жобасының жүргізілу барысы туралы сұхбаттасып, аудан әкімімен ортақ меморандумға отырды. Әкімдіктің қолдауымен ашылған фронт-офис жанынан аудан жастары үшін қордың жұмысын үйлестіріп, аудан жастарын мейлінше көбірек ақпараттандыру мақсатында маман тағайындауға шешім қабылдады. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының басшысы Жангүл Ізғаринамен де ортақ меморандумға отырды.
«Ауыл аманаты» жобасына тоқтала кетсек, жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл жастарын аграрлық кәсіпке барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу болып табылады.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілген. Жобаның тұрғындар үшін ең ұтымды тұсы — олар алдағы уақытта үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Бұл — ел тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға.
Несие мал, құс пен өсімдік шаруашылығын дамытуға, кооперативтерді жабдықтауға және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бағытында шағын кәсіпкерлік ашуға бағдарланған. Несиенің шекті көлемі — 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (7 657 500 тг), кооперацияларды дамытуға — 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (24 504 000 тг). Мерзімі — 5 жылға дейін, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Несиені алу үшін кепіл қою және жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті.
Айтпақшы, «Ауыл аманатына» қатысушылар жеке қосалқы шаруашылықтар ретінде кооперативтердің құрамына кіреді. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 50 пайызға дейін субсидия алуға, өнімді қайта өңдеу және өткізу процестерін жүйелеуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар