Әлеумет

«АЙБЫНЫ АСҚАҚ, ТҰҒЫРЫ БИІК – АСТАНА»

Астанамыз бүгінде жас мемлекетімізді және халқымызды әлемге әйгілеп, алпауыт елдермен тереземізді тең еткен шын мәніндегі бас қалаға айналды.
Сол бас қаламыздың мерекесі күні біздің ауданымызда орталық саябақта мерекелік шара өтті. Саябақтағы салтанатты жиында аудан әкімі Асқар Қазыбаев аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдайлар министрінің 2024 жылғы 20 маусымдағы №295 бұйрығы негізінде “Суға батқандарды құтқарғаны үшін” медалімен аудандық “Энергосистема” ЭЖУ бөлімі электр монтері Кеңес Жұбанышев, “Көкжар” кәсіпорнының ауыз су жүйесінің операторы Асылбек Рысжанов, “ОйылГаз” станциясының операторы Ерлан Тумышев наградталды.
Әрі қарай Астана күні қарсаңында кәмелеттік жасқа толып, жеке куәлік алушы, отау құрғандарына 19 жыл, 18 жыл мерейтойымен, сонымен қатар туған күндері Астана күнімен сәйкес келіп отырған азаматтар марапатталды. Одан әрі Мәдениет үйі өнерпаздарының Астана туралы әндері әуеледі. Жиналған жұртшылыққа «Айбыны асқақ, тұғыры биік — Астана» мерекелік концерті мол әсер қалдырды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Басқа жаңалықтар