Әлеумет
Жылыту маусымына дайындық қарқынды
Қылышын сүйреткен қыстың келуіне де аз уақыт қалды. Қазірдің өзінде қоңыр күздің қара суығы денені қарып барады. «Қыстың қамын жазда ойлайтын» Ойыл ауданы жылыту маусымына дайындықты бастап кетті. Бүгінде 2020-2021 жылдардағы күз-қыс айларына жылыту қазандықтарын әзірлеп, керекті құрал-жабдықтарды дайындау іс-шарасы өз жұмысын бастады. Аудандағы әлеуметтік мақсаттағы нысандарды жылумен, газбен, сумен уақытылы қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқарылуда.
Тұрғындардың алдын ала қамдану шараларын жүргізуі де аса маңызды. Жем, шөбі қысқа жинаған қоры, жылытар жылуында кемшіліктер туындамас үшін жылыту маусымына дайындықтың қарқынды болуының маңызы зор. Осы орайда Ойыл аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім басшысы Таңат Нұрымгереевтің айтуынша, «Дайындық жұмыстары аясында аудан бойынша 27 автономдық қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 3 қазандық жаңартылуда, 37 білім беру және мектепке дейінгі мекемелерінен Қараой, Сапақкөл, Құрман мектептеріне 178,812 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар 22 денсаулық сақтау мекемесінің 4-іне 87 108,0 теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өткен. Олардың қатарында Саралжын, Ш. Берсиев атындағы, Жекенді дәрігерлік амбулаториялары және Көсембай фельдшерлік пункттері бар. Аудандағы мәдениет үйіне де биылғы жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 14 719,820 мың теңге қарастырылған. Жөндеу жұмыстары мен жылыту маусымына дайындауда конкурс нәтижесі бойынша 10 440,0 теңгемен «VIP Story Astana» ЖШС жеңімпаз болып танылып, ағымдағы жоспарланған жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. От жағуға қажетті отындармен арнайы мекемелер толықтай қамтылды»- дейді.
2020-2021 от жағу мерзімінде аудан бойынша 5 нысан дизель отынымен, 13 нысан қатты отынмен, 53 нысан электр қуатымен, 17 нысанды газбен жылыту жоспарланып отыр. Жылыту маусымының үздіксіз өтуі үшін әлеуметтік салаларға қажетті 2952,7 тонна көмірдің бүгінгі күні тасылғаны 2356,1тонна, 06.03.2020 жылғы келісім шарт бойынша 2020 жылдың 1 қазанына дейін қатты отынды толық тасып жеткізу көзделген. Көмірдің 1 тоннасының бағасы 23 305 теңгені құрап отыр. Ойыл ауданының округтерін де сұйық отынмен қамтамасыз ету уақытында орындалды. Солардың бірі Сарбие ауылдық округінде орналасқан «Әсем» балабақшасына қажетті 34,6 тонна сұйық отын 11.03.2020 жылғы №11 келісім шарт бойынша сәуір-мамыр айларында тасылып жеткізілген. Жеткізілген сұйық отынның 1 тоннасының бағасы 238 095,20 теңге.
Білім беру ошақтарында ұстаздар мен оқушылардың жылы орындарда білім алуы үшін үш мектепке қажетті сұйық отынды тасымалдауға жеңімпаз болып «KOSTANAY ECO OIL» ЖШС анықталған болатын. Бүгінгі таңда 162 тонна сұйық отын білім ордаларына тасылып жеткізілді, Бөлінген отынның 1 тоннасының бағасы 169 642.85 теңгені құрайды. Бюджеттік мекемелердің 32 автономдық қазандықтарынан 19 нысан қосалқы генератормен қамтылған. Жалпы көрсеткіш 59,3 пайызды көрсетіп отыр. Ауданда қатты отын қолданатын 22 елді мекен бар. Оның ішінде Ойыл, Бестамақ ауылдары көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Аудан халқының көмірге қажеттілігі шамамен 3000 тонна көлемінде. Жалпы аталған көрсеткіштер бойынша жылыту маусымына Ойыл ауданы мен оған қарасты ауылдық округтардың әзірлігі жақсы көрсеткіште. Қатты отын мен сұйық отынның бағасы тұрғындарға қолжетімді болуына да толықтай жағдай жасалып отыр.
Венера Асқарқызы,
Ойыл селосы.