Әлеумет

Нұралыдан неге үлгі алмаймыз?

Ауыл - қазақтың алтын бесігі. Рас, «Алтын бесік» малымен ажарлы. Алайда, қазіргі ауылдардың айналасының ажары тайып барады. Оның басты себебі – мыңғырған мал. Үкіметке алақан жаймай, малын баққан азаматқа алғыс айтамыз. Бірақ, мал жиюдың жолы осы екен деп ауылдың да ажарын ұмытпауымыз керек.

Көптоғай ауылында Нұралы Аймұханов деген азамат бар. Сол Нұралы соңғы екі жылдан бері екі жүзге тарта қойын жаз жайлауға шығып бағып отыр. Данышпан Абайға жүгінсек,
«Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен отырар күзеуде бай!» — дейді.
Шаруамен көзі шыққан Нұралы төңірегі тозып бара жатқан ауылын ойлап, ауылдастарын қасына шақырады. Бірақ, биыл да оның бастамасын ешкім қолдаған жоқ.
Осы жазда шаруамен жүріп, Көптоғай ауылынан біраз ұзап шыққан кейін қараша қостың қасынан өттік. Үйдің қасында екі жүздің үстінде қой жайылып жүр. Мініс аты тұсаулы тұр. Қараша қостан жүзін күн қақтаған жігіт шықты. Бұрыннан да аздап таныстығымыз бар еді. Тоқтап сәлем бердік. Әңгіме ауаны шаруаға ауысты. «Екі жүз қойға бола отырсың ба?» — деп сұрасам, қасына ешкім ермей тұрғанын айтады. Әңгіме барысында осы жайлауды жаз бойы отыруға берген ауыл азаматы Талғат Бердембаевқа алғысын айтады. Малы құдықтан су ішеді. Наурызда көшіп барыпты. Інілерімен бірігіп бағады. Малы қоңды.
Жасынан шаруамен «көзі шыққан», еңбек жолын комсомол жастар бригадасында бастаған жігіт ауылдың төңірегіндегі тозып бара жатқан «түйе сүйрегендей» өрісті айқанда, ойланып қалдық. Шындығында кез-келген ауылдың айналасы ақ тақырға айналды. Биылғыдай қуаңшылық жылы тіпті кешкісін мал тұяғынан көтерілген шаңнан ауыл көрінбейді. Кешкісін ала шаңнан адам түгілі малыңды да көре алмайсың? Қазір кейбір ауылдарда алды екі жүз-үш жүз қой, елу-алпыс ірі қара ұстап отырғандар бар. Әрине, ауылда тұрып мал баққан азаматтар қуанамыз! Бірақ? Қатты айтсақ, «малмен мал болып» отыруға бола ма? «Ауылына қарап, азаматын таны!» — деген бар. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң, қонақ иесі ұялады!» Қонақтан ұялмас үшін ауылдың ажары азаматтың бәріне ортақ. Сондықтан, Нұралының бастамасын барлық ауылдардағы азаматтар қолдауы керек!

С.ХАМЗИН,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар