ӘлеуметРухани жаңғыру

Тұлғаларды таныту — тағылымның куәсі

Биыл елбасымыз нұрсұлтан назарбаевтың «рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласына бір жыл толды. Осы орайда аудан орталығында көптеген іс-шаралар өткізілді.

Орталықтағы айтулы шараларға Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі де үнемі ұйытқы болып келеді. Оның бір айғағы — өткен жұмада көреген көшбасшымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұлы тұлғаларымызды насихаттау барысында Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл толуына орай Екпетал елді мекенінде өткен «Философ, ақын, кеңесші» атты тарихи-танымдық көрме.

«Әкесі бар баланың,

Жебесі тастан өтеді»,

«Қызда қылық болмаса,

Құр шырайдан не пайда.

Ерге дәулет бітпесе,

Шүлдіреген қызыл тілден не пайда?» — деп дөп басып айтып, ел-жұртына «Көмекейлі әулие» атанған абыз, әйгілі жырау Бұқар Қалқаманұлы 1668-1787 жылдар аралығында өмір сүрген.

Атақты Абылай ханның ақылшы биі болған жырау ел ішіндегі әртүрлі даулар мен таластарды шешіп отырған. Ол қазақтың үш жүзін біріктіріп, бір орталыққа қараған күшті мемлекет болуын армандаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін «Абылай ханның қасында», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам» секілді толғауларында асқақ жырлаған. Міне музей директоры Балқия Рысбаева XVIII ғасырда өмір сүріп, артына өшпес із қалдырған жыраудың өмір жолынан жоғары да көрсетілгендей толыққанды мәлімет беріп, жаугершілік дәуірдің ұлы оқиғаларын, «Бұқар жыраудың 11 тілегін», «Абылай хан термесі», Қарағанды облысында Бұқар жырау ескерткішінің ашылуын бейнебаян арқылы оқушылар назарына ұсынды. Сонымен бірге Бұқар Қалқаманұлының аласапыран заманның тіршілік болмысын, ел басына төнген қауіп-қатер, екіталай кезеңді жырына арқау қылып, халқының тағдырына ортақтасқан жырау болғандығын жеткізді. Ел үшін ет-жүрегін елжіретіп, тұрғындармен тығыз байланыс жасап жүрген Балқия апай сол күні жауған жаңбыр мен жол қиындығына қарамастан шағын ұжымда танымдық шара өткізуге мұрындық болып, балалар арасында да ұлттық патриотизмді ұлықтады. Демек, бұған дейін де мұражай ішінде көпшілікке ұсынылып жүрген көрменің ауылдық жерлерде өткізілуі музей қызметкерлерінің рухани жаңғыруға қосқан үлесінің бірі деп білеміз.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл-Екпетал-Ойыл.

Басқа жаңалықтар