ӘлеуметБасты тақырып
Ойылдың ажары — ауданның көрсеткіші
Биылғы жылы аудан орталығында 6 көше асфальтталды. Оны көпшілікпен бірге көзіміз де көрді, көңіліміз де тойды. Одан бөлек, селоны көркейту жұмыстары да тоқтамады. Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек Дәулетқалиев көптеген игі істерге ұйытқы болып келеді. Селолық округтің санитарлық тазалығы және абаттандыру бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар жетерлік. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, алдымен ауданның қала жақтан кіреберіс маңдайшасы жасалды. Алтын түсте жасалып, жерлесіміз, ақын Жолдыбай Айтқұловтың «Ойылым менің, ойдағы елім» — деген өлең жолдары жазылған кіреберіс маңдайшасы сырт көздің жауын алады. Сонымен қатар, кешкілік уақытта қарағанда көзге оттай басылатын жол үстіндегі кермелер көшелерге ерекше сән беріп тұр. Ал, селоның кіндігіне айналған «Көкжар» көшесіндегі «лэд экран» көшелердің сәнін одан сайын аша түскендей. Село әкімінің айтуынша, мұны қоюдағы басты мақсат — қаражат үнемдеудің заманауи тәсілі-мыс. Себебі көшелерге ілінген баннерлер күнге тозып, оны үнемі жаңартып отырудың өзі қомақты қаражатқа келіп тіреледі. Қазіргі таңда лэд экраннан аудандағы мекемелердің атқарылған жұмыстары мен жарнамалар көрсетіліп тұрады.
Сондай-ақ, көшелерге жоғары сапалы, заманауи бейнебақылау камералары орнатылып, шыны, пластик сынды тұрмыстық қалдықтарды салуға арналған 10 дана жаңа үлгідегі қоқыс салу жәшіктері қойылды. Тағы бір айта кетерлігі, «Ұлы Жеңістің 75 жылдығына» орай Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіш алаңы жаңартылды. Бұрын қаңылтырға жазылған майдангерлердің есімдері гранит тастарға қашалды. Жаңадан өрнектастар төселіп, жарық шамдары қойылды. Осы секілді ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің ескерткішіне қоршау салынды. Демек, бұл атқарылған іс «Бабалар рухына тағзым еткен ел» болғанымыздың жарқын көрінісі іспетті. Расында ұлы тұлғаларын ұлықтау ұрпақ міндеті емес пе еді? Сондықтан болар, Сәндібектің атқарған жұмыстары аудан жұртшылығын сүйсіндіріп отыр. Себебі ауданның «Құрметті азаматы» атағын иеленген, еңбегімен ел есінде сақталған 29 азаматтың суреттері бағаналардың жоғары жағына жарық беретін тақтайшаларға ілінді. Сәндібек Тоқсанбайұлының іскерлігінің арқасында жасалған жұмыстар мұнымен шектелмеді. Шернияз көшесінің бойына лэд жарық шамды бағаналар орнатылды. Жаңадан құрылыс салып жатқан ауданның жоғары жағындағы көшелерге жарық шамдарын көбейтуді жуық арада қолға алмақ. Көшелерді абаттандыру мақсатында Көкжар, Шернияз, Абай көшелерінің бойына 12 түп шырша, 50 түп қарағай көшеттері отырғызылды. Жолмырзаев көшесіндегі №42 екі қабатты үйдің ауласына балалар ойын алаңы жасақталды. Бұл алаң 22 үйлік тұрғындарының балаларына үлкен қуаныш сыйлады. Сондай-ақ, «Көкжар» көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолы Желтоқсан көшесіне дейін жеткізіліп, қазіргі таңда Шернияз көшесіне де жаяу жүргіншілер жолын жасау жұмыстары басталмақ. Осындай жұмыстардың басы-қасында жүрген Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек село көшелерін сәндендіре түспек.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.