ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
Кәсіпкерлікті кеңейтуге кеңес берілді
Өткен жұмада ауданымызға Өңірлік кәсіпкерлік кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов және Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Анар Даржанова арнайы келді. Таңертемен аудандағы кәсіпкерлік нысандарды аралаған арнайы топ Ойылға оң бағасын берді. Мұнда халық тұтынатын өнімнің барлығы дерлік дүкен сөрелерінде толып тұр. Тіпті қаладан кем түспейтіндігінде жасырмады.
Сондай-ақ жылыжайдың жұмысында жақсы бағалады. Ауданымыздағы іргелі оқу орындарының көшін бастап тұрған Ойыл аграрлық колледжінің материалдық-техникалық базасын аралап шықты. Кәсіби маман даярлайтын оқу орнының темірдей тәртібі мен тазалығына, материалдық-техникалық базасына қаладан келген меймандар таңдай қағып тұрып тамсанып кетті. Сондай-ақ студенттермен кездесіп, Нұрбек Серікбайұлы кәсіпкерлік бағытында мотивация тренинг өткізді. Колледж студенттері кәсіппен айналысудың қыр-сырымен танысты. Ал, Асхат Абдрахманұлы жеке кәсібін сонау 1991 жылы бастағанын, кәсібін ашқанына келесі жылы 30 жыл толатынын айта кетті. Өзінің кәсіпкерлік жолдағы отыз жылдық тәжірибесімен бөлісті.
Одан кейін, түс әлетінде «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында аудандағы кәсіпкерлер мен шаруа қожалық төрағаларымен кездесу жиынын өткізді. Онда алдымен аудан әкімі Асқар Қазыбаев кәсіпкерлік саласы бойынша ауданда атқарылған жұмыстармен жүзеге асқан кәсіпкерлік жобалар жайында мәлімет берді. Келесі ретте «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Анар Даржанова қаржы мәселесі бойынша тоқталса, Өңірлік кәсіпкерлік кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов халықты кәсіппен айналысуға бейімдеп, еліміздің экономикасын бірлесіп көтеруге шақырды. Расында тұрғындардың шағын және орта бизнеспен айналысуына ешқандай кедергі жоқ. Мұндай кәсіппен айналысамын деушілер болса, оларды қолдауға үкімет тарапынан мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер беріледі. Бұл бағдарламалардың барлығы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Жиын үстінде жаңадан кәсіп ашқысы келетіндерге кеңестер беріліп, тұрғындар тарапынан облыстан келген арнайы мамандарға қайтарымсыз несие яғни гранттар ұту, несиені өтеу үшін өнімнің айналымға түскенше демалыс уақытын ұзарту жөнінде сауалдар қойылды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.