Әкімдік

Екі ауыл: еншісі бөлек, мәселесі ортақ!

Ойыл ауданында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес әр деңгейдегі әкімдердің өздерінің жыл ішінде атқарған жұмыстары жөнінде тұрғындар алдында есептері басталды. Бұл халықпен пікірлесе отырып өткен жылы жасалған жұмыстарды қайта бір саралап, алдағы міндеттерді белгілеуге жақсы мүмкіндік екенін уақыт дәлелдеді.
Осы орайда өткен сенбі күні Ойыл ауданының Саралжын ауылдық округінің әкімі Абат Мүбараков округке қарасты Қоңырат, Шиқұдық ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Екі ауылда да округ әкімі өткен кездесулерде тұрғындардың талап-тілектері бойынша атқарылған істерді жеткізіп, алда тұрған міндеттермен бөлісті. Елде жасалып жатқан барлық жұмыстар халықтың көз алдында. Екі ауылдың да негізгі өндірісі — мал шаруашылығы. Алайда, тұрғындардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы мардымсыз. Бірақ, округте мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы түрлі шараларға атсалысып, игілігін көріп жатқандар көп.
Ал, екі ауылдың да негізгі сауалы – ауыз су. Алайда, тұрғындар саны аз болғандықтан, мемлекет тарапынан орталықтандырылған су құбырын жүргізу мүмкін еместігін жасырмаған ауыл әкімі ол мәселені ұңғыма құдыққа кешенді блок-модуль қойып, суды сүзгіден өткізіп, тұрғындардың тұтынуына жарамды деңгейде ұсынуды көздеп отыр. Ол үшін қолданыстағы құдықтардың суынан сынама алынып, зертханаға жіберіліпті. Бұйыртса, биыл бұл мәселе шешімін тапқалы тұр. Екі ауылға да ортақ тағы бір мәселе бар. Ол жылдың қолайсыз мезгіліндегі жол қатынасы.
Қоңырат шаруасы мығым, 12 ғана түтіні бар шағын ауыл. Іргедегі округ орталығында ауылдан екі-ақ бала оқып жатыр. Қазіргі таңда ауылда мектеп жасына дейінгі алты бала бар.
Шиқұдық ауылының тұрғындары өткен жылы ауылдық медициналық пунктке тұрақты фелдьшердің керектігін көтерген еді. Былтыр келген жас маман бұл мәселені күн тәртібінен түсірді. Сонымен қатар, ауыл әкімі Шиқұдыққа шағын футбол алаңын салуды көздеп отыр. Тұрғындар тарапынан сұрақ осы жерде туындады. Себебі, ауылдағы негізгі мектеп типтік жобада болмағандықтан, қыста дене шынықтыру сабағын өткізуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан, Теректі негізгі мектебінің мұғалімі Дәулеткелді Сисенбаев шағын футбол алаңының орнына мектепке де қыста дене шынықтыру сабағын өткізуге мүмкіндік беретін жабық спорт кешенін салуды ұсынды.
Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар мен тілектерге Абат Қаратауұлымен бірге осы жиынға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев жауап берді. Екі ауылдағы кездесуде де Мұратбай Болатұлы ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді жеткізді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл-Қоңырат-Шиқұдық-Ойыл.

Басқа жаңалықтар