ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ АУЫЛҒА ҚАТЫСТЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Жуырда ауданға Ақтөбе облысы қоғамдық кеңесінің заңдылық, құқықтық тәртіп және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссиясының мүшесі, жерлесіміз Аслан Балқасынов, облыстық қоғамдық кеңесінің заңгері Берік Жұбаниязов келді. Аудан әкімдігінде қоғамдық кеңес мүшелері, ауған соғысының ардагерлерімен кездесті. Төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев кездесу жиынының мақсатын түсіндіріп, еркін, ашық әңгімелесуге шақырды.
Аудандық Ішкі істер саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Ғалымжанов баяндаса, аудан әкімі аппаратының бас маманы, заңгер Самал Маханова ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмысы туралы баяндама жасады. Қоғамдық кеңес мүшелері өз кезегінде ауданға қатысты өзекті мәселелерін жеткізді. Қазіргі таңдағы күрделі мәселе бұралқы иттер, Ойыл-Қараой, Сарбие жолы, Ойыл өзенінің жайы, сонымен қатар «Жол бойында жүрген мал көп. Көбіне кешқұрым, түңгі мезгілде жүргізушілердің жол апатына ұшырауына әкеліп соғуда» деп малдың бағылу тәртібін қозғады.
Кездесуде қатысушылар тарапынан қойылған сауалдар толық талқыланған соң,
— Сіздермен кездесудегі мақсат та сол қордаланған мәселелерді бірге шешу. Ұсыныс — пікірлеріңіз арқылы алдағы уақытқа бағыт-бағдар жасау, зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Көтерілген өзекті мәселелер, айтылған ұсыныстарыңызды міндетті түрде жеткізетін боламын, — деді, Аслан Балқасынов.

Басқа жаңалықтар