Әкімдік

Алдағы міндет ауылдардың ахуалын жақсарту

ЖЫЛ САЙЫНҒЫ ЖҰРТТЫ ЖИНАП, ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ЕСЕБІН ҚОРЫТЫНДЫЛАУ ҮШІН АУДАН ӘКІМІ МЕН АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІНІҢ ХАЛЫҚҚА ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУЛЕРІ ӨТКЕН АПТАДА САРАЛЖЫН, ҚАЙЫҢДЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ.

Есеп беру жиынына облыстық құрылыс, сәулет қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ербол Кенжалы мен аудандық мəслихаттың хатшысы Сәкен Займолдин қатысты. Алдымен ел алдында ауылдық округ əкімі Абат Мүбараков бір жыл бойындағы атқарған жұмыстары туралы есебін берді. Ауылдың тыныс-тіршілігі мен əлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында баяндама жасады.
Ауданның алтын қақпасы саналатын Саралжын ауылдық округінде көптеген игі істер жасалғандығы айрықша көрініс береді. Округ әкімі Абат Мүбараковтың 2020 жылғы ауыл тұрғындарына есеп беру кездесулерінде айтылған ұсыныстар мен қозғалған мәселелер бойынша атқарылған іс-шаралар тышқан жылында кезең-кезеңімен шешімін тапқан. «Батыс өңірлік телекоммуникация директоры Абай Қадыралиевтің демеушілігімен Тайсойған негізгі мектебіне және фельдшерлік пунктіне оптикалық талшықты интернет желісін тарту жұмыстары жүргізілді. Тайсойған ауылдық клуб ғимаратының жылу жүйесі газге қосылды. Сонымен қатар өткен жыл ақкемерліктер үшін қуанышты жыл болды. Өйткені бұл ауылға таза ауыз су беріліп, ұялы байланыс орнатылды. Еске түсірсек, Саралжынға дәрігер керектігі жиын сайын айтылатын. Ал, қазір Саралжын дәрігерлік амбулаториясы дәрігермен, Шиқұдық фельдшерлік пункті фельдшермен қамтамасыз етілді», — деген округ әкімі Абат Қаратауұлы былтырғы жылы атқарылған жұмыстарды толықтай баяндап берді. Сонымен қатар ағымдағы жылы алға қойған міндеттерін де атап өтті.
Келесі кезекте аудан басшысы Асқар Қазыбаев өткен 2020 жылы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, үстіміздегі жылы жасалатын жұмыстарды да тілге тиек етті. Ауданда бүгінге дейін ауқымды істер атқарылған. Көп ретте тұрғындардың арыз-шағым, ұсыныстарына көңіл бөлініп, ел тілегі ескерілген. Ауыз су, жолдарды жөндеу, жарық, байланыс пен білім, денсаулық сақтау, əлеуметтік салаларда атқарылған істерді тізбектей жеткізген аудан əкімі кейбір түйткілді проблемалардың мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шешіліп отырғанын да айта кетті. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, шағын және орта бизнесті дамытуға шақырды. Сонымен қатар Саралжынның 4 көшесі мен кіреберістегі жолды асфальттау жұмыстары жүргізілетіндігін қуанышпен жеткізсе, «Құм басқан ауылдың көшелерін асфальттау қаншалықты тиімді?», —  дегендер де болды. Алайда аудан басшысы ауылдарды абаттандырып, көркейту жұмыстары жыл сайын жалғаса беретіндігін баса айтты. Кездесуде тұрғындардың қозғаған басты мәселесі көгілдір отын болды. Сондай-ақ округтегі мал сою бекеті жұмыс жасамай тұрғандығы қиындық тудырып жатқандығын жеткізді. Ауыл тұрғыны Айсабек Таубатыров құм басып қалған үйін тазалауға көмек сұраса, Қабидолла Мұханбетқазиев малдың терісі мен жүнін өңдеу шараларын қолға алу керектігін айтып, Шиқұдықтың жол қатынасы көктемде қиындық тудыратынын қозғады. Кездесуде қозғалған сауалдарға толыққанды жауап берген аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы көгілдір отын тарту мәселесі бірер жылда шешілмейтін жасырған жоқ. Әйтсе де ауылдарды көгілдір отынмен қамту мәселесі күн тәртібінен түспейді. Тұрғындардың өтініш-тілек, арыз-шағымдарын мұқият тыңдаған аудан əкімі бірқатар мәселелердің назарға алынатынын, алдағы уақытта шешу жолдарын қарауға сенім білдірді.
Түс ауа аудан əкімінің есеп беру жиыны Қайыңды ауылдық округінде жалғасын тапты. Мұнда да алдымен ауылдық округ əкімі Ырғызбай Қосдаулетов есеп берді. Ауылдағы атқарылған ауқымды істерін баяндады. Содан кейін жұртшылық аудан əкімі Асқар Қайырғалиұлының есебін тыңдады. Аудан басшысы 2020 жылда атқарылған жəне 2021 жылға жоспарланған жұмыстар мен қолға алынатын жобалары туралы ауыл шаруашылығы, əлеуметтік, білім, мəдениет салалары бойынша баяндап берді. Кездесу үстінде ауыл тұрғыны Дархан Өтегенов ауылдағы бірқатар мəселені алға тартып, оны тезірек шешуді сұрады. Атап айтсақ, бас дәрігердің қызметін сынға алып, ауылға жедел жәрдем көлігі керектігін жеткізді. Сондай-ақ, ауылдағы электриктердің де жұмысына сын айтып, ауыл маңында отырған шаруа қожалықтар әкімдіктің жерінде отырғандығын сөз етті. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға аудан əкімі Асқар Қайырғалиұлы жиналысқа арнайы келген мекеме басшыларын қатыстыра отырып жауап берді. Сұрақ-жауап барысында тиісті бөлім, мекеме басшылары мен ауылдық округ əкіміне нақты тапсырмалар берілді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Саралжын-Ақжар-Ойыл.

Басқа жаңалықтар