Басты тақырып

АУЛАДА ЖАЙҚАЛҒАН АҚ ТАРЫ

«Бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген қазақ үшін тары дақылының орны бөлек. Оның ішінде Шығанақтың ақ тарысы. Елді ашаршылықтан құтқарған, жалпы қазақ қарыздар дақыл ақ тары туралы аңыздар ғана қалды. Осыған дейін әйгілі ақ тарының бір уысы Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінде сақталған деп келдік.

Жуырда әлеуметтік желіден жұртты дүр сілкіндірген жаңалық шықты.
Естіген бойда елең етіп, Шығанақтың ақ тарысын ауласына егіп отырған жігітпен тілдестік.
-Осыдан екі жыл бұрын атамыздың құжаттарын іздеп үйдегі сандықтан газетке оралған 24 түйір тарының дәнін тауып алдық. Сандығына салып, көзінің қарашығындай сақтап келген әжеміз бұл Шығанақтың ақ тарысының тұқымы екенін айтыпты.
Менің атам – Дәулетжан Доспамбетов Ойыл ауданының өркендеуіне үш шаруашылықта еңбек етіп, екеуінің директоры болып, өзінше үлес қосқан адам.
1976 жылы Шығанақ Берсиев атындағы совхозға директор болып барғанда даңқты тарышының қызы Ақжібектен бір уыс тары алады.
Әжем соны сандығына салып қойған. Былтыр сол 24 түйір дәнді егіп көріп, бес килодай өнім алдық.
Биыл соны 5 шаршы метр жерге ектік. Естуімізше Шығанақтың тарысының қауызында ноқаттары болуы керек. Соған көз жеткізу үшін әдейі қарадым. Солай екен. Енді мұны арнайы зертханада тексертіп, дәлелдеу керек болып тұр. Атам мамандығы агроном. Әкесі де диқан болған. Нағашы атам да диқан. Сондықтан, тарыны егіп, баптауда қанмен берілген қасиет «жемісін» берді. Ендігі мақсатымыз – қолдаушылар болса, осы тарының тұқымын көбейту. Ол үшін алдымен алқап керек. Ақ тарының тұқымын көбейту мақсатында кез-келген ұсыныспен жұмыс жасауға әзірміз!» — дейді Ринат Оралұлы.
Р. S Бес шаршы метр алқаптағы ақ тары қазір басы толып, төгіліп иіліп тұр. Биіктігі шамамен бір метрге жақындап қалыпты. Өлкенің тарихына қатысты жылт еткен дүние болса, ақпарат жинақтап жүретін Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Дулат Исабаев жақында ауладағы тары алқабымен танысып қайтыпты.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button