Спорт
Шаңғы теуіп жүлде алды
Ойылдық Өтесін Қабекешов — зейнеткер ұстаз. Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінде 45 жыл дене шынықтыру пәнінен сабақ берді. Спорт ардагері биыл 70 жасқа толады. Әлі күнге дейін шаңғы тебеді.
Жуырда Өтесін Қабекешов Ақтөбе қаласында өткен 60 жастан асқан ардагерлер арасында өткен шаңғы жарысынан облыстық туринирден 2-ші орын алып, жерлестеріне жүлде сыйлады.
— Шаңғы теуіп жүргеніме 15 жылдан асты. Қысқы спорттың осы түрі өзіме ұнайды. Қыста ауыл сыртына серуендегенде шаңғысыз шықпаймын. Биыл қар да мол түсті. Ертеңгісін таза ауада жүгіріп тұрамын. Турнирдегі 2 шақырымдық мәре маған қиынға соққан жоқ. Орын алам деп те ойламадым. Ауылда шаңғы тебетін екі-үш жігіт бар. Жалпы біздің ауылдың жігіттері спортқа жақын, — дейді ардагер спортшы.
Оның айтуынша, бұрын аудандық жарыстарға шығып отырғанымен облыстық турнирге алғаш қатысуы екен. Жерлестері жетпістегі ақсақалдың бұл жүлдесін үлкен жетістік деп бағалап отыр.