Басты тақырыпСпорт

СПОРТ — БІЗДІҢ СЕРІГІМІЗ!

Тамыз айының үшінші жексенбісі спорт күні кәсіби мерекесіне орай аудан орталығында «Спорт - біздің серігіміз!» атты ауқымды деңгейде мерекелік шара өтті. Айтулы шара аудан спортшыларының жаяу жүгіру марафонымен басталды. Отбасылық саябақтан «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы орталық саябаққа дейін жүгірген спортшыларымыз «Шынықсаң, шымыр боласың!» деген даналықты дәріптегендей күй кештірді. Иә, расында спорт жанымызды жадыратып қана қоймай, тәнімізді күш пен серпінге толтырып, өмірге деген құлшынысыңды арттыратыны шүбәсіз.

Сондықтан болар аудан спортының дамуына сүбелі үлес қосқан спорт ардагерлері де айтулы шараның төрінен орын алды. Орталық саябақтағы мәдени-көпшілік шараның шымылдығы Үлгілі «Әсем би» ансамблінің биімен түріліп, одан кейін аудандағы спорт саласының даму көрсеткіштерінен жинақталған бейнебаянмен жалғасты. Әрі қарай аудан әкімі Асқар Қазыбаев барша спортшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауданның намысын қорғап, облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүрген спорт саңлақтары мен жаттықтырушыларына, спорт ардагерлеріне, бұқаралық спорттың дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттарын табыстады. Спорттың әр түрінен жеткен жетістіктері үшін барша спортшыларға осы жолда төккен маңдай тер, еңбектеріне ризашылығын білдірді. Одан бөлек, аудандағы бірқатар бөлім басшылары жастар арасында спорт саласын дәріптеп, оның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жандарға алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын табыс етті. Мерекелік шарада спорт ардагері, Ақшатау орта мектебінің мұғалімі Мінсізбай Жайлыбаев талай-талай таланттар мен спорт шыңдарын бағындырар балалар ауылда екенін, оларды тек оларға материалдық жағдай жасап тәрбиелей білуіміз керектігін айта келе, Ақшатауға спорт аула клубын жасақтауға ұсыныс білдірді. Марапат соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен ұштасты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар