ӘлеуметБасты тақырып
Талғаттың тартуы
ОЙЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӨРКЕНДЕП ӨСІП, ДАМУЫНА, ӨҢІРДЕ ТУЫП ӨСКЕН АЗАМАТТАРДЫҢ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ОРАСАН ЗОР. СОЛАРДЫҢ БІРІ ТУҒАН ЖЕРІ ҮШІН БІЛЕК СЫБАНЫП ҚЫЗМЕТ АТҚАРЫП ЖҮРГЕН ОЙЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕСІМІЗ, АТЫМТАЙ АЗАМАТ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ ТАЛҒАТ САЛФИКОВ. ӨҢІРДІҢ АЛҒА ЖЫЛЖУЫНА ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗЫП ЖҮРГЕН АЗАМАТ, БҰЛ ЖОЛЫ ДА АУДАНДАҒЫ АЗ-ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН АЗЫҚ-ТҮЛІК САЛЫНҒАН ЖҮЗ ӘЛЕУМЕТТІК ПАКЕТ ЖОЛДАДЫ.
Жалпы сомасы 2 миллион 200 мыңды теңгені құрайтын азық-түлік себеттері ауылдық округтер мен Ойыл ауданының тұрғындарына табыс етілді. Әр себеттің ішіндегі азық-түліктің бағасы 22 мың теңгені құрайды. Бұл дегеніміз Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында Талғат Салфиковтың өз жерлестеріне деген шынайы жанашырлығының көрінісі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп қазақ халқы тегін айтпаса керек, қазіргі жол қатынасының қиындығына қарамастан ат көлік аман-есен жетуін, толықтай өзі қамтамасыз еткен азаматтың игі ісіне халық дән риза. Осындай «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында» әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге демеушілік көрсеткен азаматтың сәлемдемесін, Ойыл аудандық мәслихаты депутаты, аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары аманатты толықтай алдын-ала жасақталған тізім бойынша аса мұқтаж отбасыларға табыс етті. «Біз Талғат Салфиковтың жерлестеріне жіберген жәрдемін қабылдап, тізім бойынша тиісті отбасыларға берілуін мұқият қарадық. Үлкен жүк көлігімен келген азық-түлікті алдымен ауылдық округ әкімдеріне үлестіріп бердік. Олар ауылдарына барып аз қамтылған отбасыларына таратып береді. Ал, аудан басына бүгін үлгергенімізше таратып беретін боламыз», — деді «Nur Otan» партиясы, Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин.
Елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып қызмет етіп келе жатқан ел азаматының, елге деген жанашырлығы мен қолдауы тек бұл ғана емес. Ендеше бізде әрдайым игі істің жаршысы болып жүрген жерлесіміздің кәсібіне береке тілейміз!
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.