Басты тақырыпРухани жаңғыру

ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА!

Мемлекет басшысы Республика күнін 25-қазан деп бекіткені дұрыс болды. Декларация қабылданған күн 1990 жыл әлі есімде. Телеэкраннан мемлекет басшыларының қуанып, ұзақ қол соққанын көрдік. Артынан заңгер, мемлекет қайраткері С.Сартаевтың Тәуелсіздіктің қалай келгенін қуанып түсіндіргенде сезіндім.
Декларацияға қол қойған Ерік Асанбаев еді. Тәуелсіз мемлекет қана өзінің тілін, жерін, дінін, ділін сақтап қалады. Сондықтан тәуелсіздік — біз үшін ең басты құндылық. Тәуелсіздікті қорғау және нығайту — әрбір азаматқа, бәрімізге ортақ міндет екенін ұқтым. Тәуелсіздікті нығайтуға нақты іспен үлес қосып жүрген азаматтар баршылық.
Сондай үлкен жүректі, заңдылықпен тәртіптің сақталуын мүлтіксіз орындап, білмегендерді үйретіп, түсінгісі келмегендерден талап етіп, ішкі істер органында абыройлы қызмет жасап зейнеткерлікке шыққан құрдасым туралы айтпақпын. Себебі ҚР-ы Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың «Ұлтты ұйыстыратын жеті қағидасындағы» талаптарға сай еңбек еткен және әлі үлесін қосып келеді.
Кез-келген нәрсені бар ететін де, жоқ ететін де — сөз бен ұғым. Жүйелі сөз жүрекке жетеді. Оның үстіне қазақ, ежелден сөз құдіретін түсінетін халық.
Еліміздің Тәуелсіздігін нығайтқан тұлғаның бірі — Елемес Ербазыұлымен сырласып, қандай тақырыпта болмасын ой бөліскенде аңғарғаным, оның бойында мемлекетшілдік қасиеттердің жоғары екендігі. Тұлға деген сөзді кез-келген адамға тели беруге болмайды.
Ал, Елемес нағыз тұлға! Ол қандай жағдай болмасын мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары қояды. Сонымен қатар түсіндіре де біледі. Мүмкін тарихшы болғандығынан шығар. Оның өткен өміріне көз жүгіртсем, әр салада қызмет еткен және абыроймен атқарған. Институтта оқып жүріп спорттың «Самбо» түрімен айналысып, жақсы нәтиже көрсетіп, беделге ие болған.
Ойыл халқының Елеместі тануы қызық оқиға еді. Кеңес кезінде шопандар слетімен ат жарыс, спорттың күрес түрі қызықты өтетін. Күрес болып жатқан жерде жергілікті қазақ жігіттеріне, осы елге жұмысқа келген шешен ұлтының дәу жігіттері дес бермей абдыратып тастаған кезде, намыстанған арық сары бала ортаға атып шығып, «мен күресемін» дегенде халық шуы тына қалып, «оу, салмағыңа сай емес қой» — деп, аяушылық білдіріп жатты. Не керек айла-тәсілді жақсы меңгерген сары бала дәу 4 шешенді қайта-қайта аяғын аспаннан келтіріп, алып-ұрып жыққанда, қуанбаған адам қалмады. Сол сары бала Елемес Ербазыұлы болатын. Содан оқу бітіріп келіп, Ойыл қазақ орта мектебінде мұғалім болып жүргенде сол кездегі Ойыл АІІБ-нің бастығы Әбдіраман Жаулыбаев спортшы жас жігіттің болашағынасенім білдіріп, жол сілтеп милицияға жұмысқа келуіне себепші болды.
Мен сол жылдары Ойыл АІІБ-нда учаскелік инспектор қызметінде едім.
Елемес Ербазыұлы қызметке келгенде мекемедегі спорт саласы одан әрмен дами түсті. Міндетті қызметін де ойдағыдай жақсы атқарды. Соның нәтижесінде басқа ауданға қызметі жоғарылап ауысып кетті.
Бұл кез Кеңес Одағының уақыты болатын. Біздің салада кадр мәселесіне қатаң қарайтын. Қойылатын талаптары да оңай емес еді. Бірақ сол заманда ішкі істер органының қызметіндегі қазақ ұлты қызметкерлерінің өсуіне кедергілер көп болатын. Дәрежесі мен шендерін Мәскеу бекітіп отыратын.
Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін жоғарыда айтылған кедергілерден құтылдық. Соның нақты дәлелі Елемес Ербазыұлының полковник шенін алып, дәрежесінің жоғарылауы. Әрине бұл атаққа ол лайықты қызмет жасай білді. Ойыл өңірінен шыққан алғашқы полковник болатын. Тағы бір ерекшелігі — зейнеткерлікке шыққаннан кейін, аудан әкімшілігінде басшылық қызмет атқарғандығында.

ТҮНДЕ ШЫҚҚАН ӨРТ
2004 жылдың аяғы қара күз. Шалқар қаласы қазіргі Ақшолақов атындағы көшедегі жалғыз татар әйелдің үйі өртеніп жатыр деген хабармен оқиға орынына келдік. Бізге дейін өрт сөндірушілер жұмысын аяқтаған. Екі әйел адамның өртенген денесі табылды, аудан прокуроры шақырылды, сот-дәрігерлік сараптама қорытындысы өлім кісі қолынан болған деген. Үйдің ішін тұтанған сұйық зат, бензин шашып өртеген болар деген болжам жасалды.
Бензин заправкілерінен түнде кімдер автомашинамен немесе ыдысқа құйып алғандар тізімі жасақталды. Өртенген үйдің айналасы зерттеліп, сұрастырылды.
Екінші күні екі-үш жастардың баклашкамен бензин сатып алғаны анықталды. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының тергеу жұмысы жөніндегі орынбасары бастаған топ көмекке келді.
Үшінші күні тергеу шұғыл топтың жинақтаған материалдар негізінде күдікті үйге тінту жүргізу үшін кірдік, ол үйде жақында босанып келген сотталғандар тұратын. Ол үйден кейбір үй заттары мен видеокассетталарды қосып қарағанда марқұмдардың жанұялық таспа-шаралары болып шықты. Ауданда резонанс тудырған өте ауыр қылмыс жасағандар сотталды. Мен, менің орынбасарым қызмет жөніндегі, тағы бір-екі полиция қызметкері сотталып келгендер тарапынан, қайтара қылмыс жасауға жол бергендеріміз
үшін тәртіптік жазаға тартылдық.

Ішкі істер саласындағы еңбек жолы — 1979 жылы аудандық комсомол комитетінің ұсынуымен Ойыл АІІБ-інде жасы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болудан басталды. Ішкі Істер органында профилактика инспекторы аға тергеуші саласында жақсы қызметі үшін «Үздік милиция» және «Үздік тергеуші» атақтарын алды. Кейін СССР ІІМ-нің Қарағанды жоғары мектебін заңгер мамандығы бойынша бітірді. Сонымен қатар Мәскеу қаласындағы Академияны аяқтады.
1990 жылдары Ырғызда ІІБ-і бастығының орынбасары қызметіне жоғарылап, Темір, Шалқар, Әйтеке би аудандарының ішкі істер бөлімінің бастығы қызметтерін атқарып, жасына байланысты 2008 жылы зейнеткерлікке шықты. Органда лейтенант шенінен бастап, полиция полковнигі дәрежесін (шенін) алды. Бірнеше Құрмет грамоталармен және төсбелгі медалдармен мадақталды.
Зейнеткерлікке шыққан соң Шалқар ауданында Әділет басқармасының маманы, қала әкімінің бас маманы, құрылымдық бөлімшесінің жетекшісі, аудан әкімі аппараты кеңсе бөлімінің меңгерушісі қызметтерін, жұмыспен қамту бөлімінің басшысы және Шалқар ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Қазіргі кезде «Диабоз-нт» шағыл тас зауытының директорының орынбасары қызметін атқарып жүр.
Жұбайы Клара зейнеткер-ұстаз. Бес бала тәрбиелеп өсірген.
Үлкен ұлы Абзал ІІО-нда қызмет жасап, зейнетке шықты. Полиция полковнигі. Екінші ұлы Абат мұнайшы, қазір ауыл шаруашылық саласында еңбек етуде. Үшінші ұлы Азамат металлург. Төртінші ұлы Асхат облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің криминалистика бөлімінің басшысы, шені майор. Қызы Әселім халық банкінде жоғары білімді заңгер.

САМОЛЕТПЕН ҚАЙТҚАН СИЫР
Ырғыз ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары кезім. Жазғы уақыт таңғы 6:30-дар кезі, кезекші Болат Ақашев Ырғыз селосының шет жағында сиыр саууға шыққан иесі сиыры жоқ бұзау мөңіреп тұрғанын байқады. Сол түні Ырғызға сирек те болса жауатын, жаңбырлы болған. Сиырдың ізі жауыннан кейін сайрап аэропортқа алып келді. АН-2 ұшағына дейін келген басқада қойдың іздері және анық түскен ер адамның аяқ киімінің ізі. Оқиға болған жердің құжаттамаларын толтыру және іздестіру жұмыстары барысында аэропорт күзетшісінің аяқ киімінің ізіне ұқсайтыны анықталды, ол сиырды ұрлап, таң біліне самолетке тиеп жібергенін мойындады. 1987 жылдары бартерге жеміс-жидекпен сауда жасап тұрғындардан қой сатып алған, таңата Қызылорда қаласына ұшқан, бортында ұрланған сиыр бар самолет келесі күні Ырғызға ұшып келді. Малы табылған иесі өзім ұшпасамда, сиырым Қызылордаға ұшып барып келді деп рахметін айтып баспасөз бетіне мақала
жариялағаны бар.

Елемес қызмет атқарған жылдар ішінде бірнеше дайындаған шәкірттері бар. Солардың арасынан ауданның ішкі істер бөлімінің бастығы болғандарын атайтын болсақ, полиция полковниктері Ардақ Сүйіндіков, Қайрат Ақшолақов, Арман Құрметов және марқұм Мұрат Бекетаевтар еді.
Елемес Ербазыұлы Темір мен Ойыл ауданының «Құрметті азаматы». Облыстық Ішкі Істер департаментінің ардагерлер қоғамы ұйымының мүшесі.
Тілеген АЛДАНАЕВ,
ІІО-нің отставкадағы подполковнигі.

Басқа жаңалықтар