ӘлеуметБасты тақырыпРухани жаңғыру

ЖЕЛТОҚСАН КУӘГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ШАРА

Өткен бейсенбі Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының ұйымдастыруымен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен кездесу өтті. Кештің басты мақсаты-тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгенін, Желтоқсан оқиғасы қалай болғанын жас буынға түсіндіру. Алдымен желтоқсан құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланып, құрмет көрсетілді. Осыдан 36 жыл бұрын қазақ халқының қабырғасын қайыстырып, дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасының куәгерлері Сүйіндік Өскенбаев, Өркен Қожағалиев, Салтанат Бижанова, Бибігүл Қарағұлова, Талия Өскенбаева, Ардақ Жаңабекова кештің қонақтары болды. Кездесу барысында осынау жайттарды көзімен көріп, қатысқан жерлестеріміз қысқаша баяндап, толқынысты сәттерден сыр шертті. Желтоқсан оқиғасына қалай қатысқандықтары жөнінде естеліктерімен бөлісті. Аязды күні шеруге шыққан ауыр күндерін еске алып, тарихи және тәрбиелік маңызы зор шарадан кеш қонақтары үлкен әсер алды.
Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев тәуелсіздікті алу оңай болмағанын, ал тәуелсіздікті тұғырлы етуде жас ұрпаққа жүктеліп отырған міндеттің ауқымдылығын атап өтіп, жиналғандарды тәуелсіздік мейрамымен қатар тарихымызда ерекше орын бар, халқымыздың қасіреті мен ар-намысына айналған оқиғаның куәгерлеріне естелік сыйлығын табыс етті. Тағылымы мол шараны аудан өнерпаздары рухты әндерімен әрлеп, мектеп оқушылары желтоқсан оқиғасына байланысты өлең-шумақтарын арнады.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар