ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ОЙЫЛДАҒЫ ТІРЕК МЕКТЕБІ БІЛІМНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Өткен аптада Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде «Білімнің қайнар бұлағы» атты ашық есік күні өтті. Бұл тірек мектеп – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектебінің әлеуетін арттыру» жобасының қатысушысы.

Тірек мектептің таныстырылымына білім беру саласын тұрақты дамыту қорының менеджері Талғат Қожағалиев, облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлжан Құлыбекова, Ақтөбе қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ директоры Қайырбек Сәбитұлы, Педагогикалық шеберлік орталығының Ақтөбедегі филиалының директоры Тұрсынай Көпжасарова, Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Меруеновтер қатысты.
Таныстырылым кезінде сөз алған мектеп директоры Маржан Салімгерейқызы жобаның берген жаңа мүмкіндіктері мен жасақталған материалдық база жөнінде айтып өтті. «Барлық пән кабинеті заманауи жиһаздармен жабдықталып, кітапхана, сонымен бірге инженерия, көркемөнер, аспаз шеберханалары, робототехника, информатика кабинеттері жаңарды.
Сонымен қатар физика, химия, биология, география сияқты жаратылыстану кабинеттері мен гуманитарлық пәндер сыныптары қайта жасақталып, сабақ барысында заманауи технологияларға сай компьютерлік техникалар мен интерактивті панельдерді пайдаланып жатырмыз. Мұның бәрі баланың сабақтан қалмауына, оның білім алуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді», – деді мектеп директоры.
Сондай-ақ білім ордасындағы 24 оқу кабинеті, STEM-зертхана, арт-студия, телестудия, музыка және спорт залдары сияқты қосымша білім беру орындары да жабдықталды.
Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде қазір 627 оқушы білім алуда. Мектепте 62 мұғалім жұмыс жасайды.
Оның ішінде 2 жоғары санатты, 1 бірінші санатты, 8 педагог зерттеуші, 18 педагог-сарапшы, 13 педагог-модератор бар. Қазірде Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта тірек мектебіне үш магнитті мектеп бекітілген. Олар — Ақшатау орта мектебі, Қаракемер мектеп балабақшасы, Соркөл орта мектебі. Жоба аясында тірек мектебі мен магниттік мектептерде өзара сабақ беру моделі бойынша жауапты мұғалімдер құрамы бекітілді. Пилоттық жобаға қатысатын педагогтердің сабақты сапалы өткізуіне қажетті жағдай жасалып, оқу-әдістемелік қолдау көрсетіліп отыр. Еске салсақ, қала және ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюға бағытталған жобаға AITAS холдингі және «Қазақстан халқына» қоры қолдау көрсетіп отыр. Жобаның мақсаты – үздік педагогикалық технологиялары мен заманауи материалдық-техникалық базасы бар жайлы мектеп құру.
Ойылдағы тірек мектебінің таныстырылымы одан әрі жобаның алдағы жемісі туралы қонақтармен сыр-сұхбатпен өрбіді.
Тірек мектебі – ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтудың алғашқы қадамдары. Заманауи әлемде сапалы білім маңызды рөл атқарады. Білімді ұлт – біздің болашағымыз. Қазақстанда білім беру жүйесі күрделі экономикалық жағдайларда дамыды. Бүгінгі таңда бұл салада әлі де көптеген проблемалар бар. Әлі де қала мен ауылдағы білім сапасының алшақтығын көріп отырмыз. Сондықтан, «Жалпы ұлттық жобаның» мақсаты туралы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ директоры Қайырбек Сәбитұлы мен білім беру саласын тұрақты дамыту қорының менеджері Талғат Қожағалиевтар жан-жақты түсіндірді.
Әрине, Қазақстан халқына қоры «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірлесіп «Powered by NIS ауыл мектебі» жобасын іске асыруда. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірге біз мектептерді НЗМ стандарттары бойынша жабдықтап, оқытушылар құрамына әдістемелік қолдау көрсетуді қамтамасыз етіп, осы бастама аясында педагогтарға арналған Назарбаев зияткерлік мектептері, “Білім беру бағдарламалары” орталығы, “Педагогикалық шеберлік” орталығы тренерлерінің көмегімен өткізілетін қарқынды оқыту бағдарламасы жалғасатынын айтқан облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлжан Құлыбекова, «Алдағы уақытта облыстың білім беру саласында «Қазақстан халқына» қоры 9 қайырымдылық жобаны жүзеге асыруда. Қордың білім беру саласындағы жобаларға қолдау білдіруі сапалы білім алу үшін жағдай жасаудың, балалық шаққа салынған инвестициясы. Біздің ойымызша, тұрғылықты жеріне қарамастан, әр бала осында және қазір білім алу үшін тең мүмкіндіктерге ие болуы керек. Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірлесіп іске асырылып жатқан осы жоба соның айқын дәлелі», — деді.
Ал, аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы болса, «Ауылдық аумақтарды дамыту мәселесін, сапалы білімсіз ауыл тұрғындарының әлеуетін ашу мүмкін емес. Адами капитал үшін білім негізгі нәрсе. Сапалы білім қала тұрғындарына да, ауыл тұрғындарына да қолжетімді болуы керек. Бүгінгі таңда білім беру жобалары жалғасын тауып жатыр. Аудандағы шағын жинақты мектептердің де оқушылары сапалы білім, заманға сай кабинеттерге ие болды. Сапалы білімге бір табан жақындай түсті. Алдағы уақытта да аудандағы білім ордаларын материалдық жабдықтау жұмыстары жалғаса береді» — деді.
Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы. Бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі «Бала өміріндегі қоғам мен ата-ана рөлі-жәй бақылаушыдан белсенді қатысушыға дейін» тақырыбында интерактивтік сессиямен жалғасқан шара соңында қонақтар мектептің материалдық базасымен танысты.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар