Әлеумет

Аманжан еліне тіреу ер!

«ТУРА АҒАШ ҮЙГЕ ТІРЕУ, ТУРА ЖІГІТ ЕЛГЕ ТІРЕУ», ДЕМЕКШІ «КӘРІ ҚҰДАНЫҢ» ҚЫЛЫШЫ АЛҚЫМҒА ТІРЕЛГЕН СӘТТЕ ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІКТІ КӨРСЕТКЕН АТЫМТАЙ АЗАМАТТАРЫМЫЗ АРАМЫЗДАН ШЫҒЫП, МӘРТТІК ТАНЫТЫП КЕЛЕДІ. МАҢДАЙЫ ЖАРҚЫРАП, КЕҢ ПЕЙІЛДІКПЕН ЕЛГЕ ШЫН ЖАНАШЫР БОЛҒАН ЖАНДАРДЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН БІЗ ДЕ ГАЗЕТ БЕТІНЕН ТҮСІРМЕЙ КЕЛЕМІЗ.

Бірнеше жыл бұрын ауылынан көшіп кетсе де, ел жаққа мойын бұрып жерлестеріне демеу бола білген біздің бүгінгі кейіпкеріміз Аманжан Айдаров. Шұбарши ауылының төл перзенті.
Мал-жанның амандығын тілеген Аманжан ауылдастарын қыс бойы мал азығымен қамтамасыз етті. Газ-53 жеке көлігімен қыстың қолайсыздығына қарамастан Маржанбұлақтан Ойылдың бір бүйірінде жатқан шалғай ауылға 800 тюк жеткізіп берді. Ол жол бойындағы ауылдардың сұранысын білгенімен қызылтаяң уақытта аз да болса, қолдан келер көмегін өзінің туған жеріне апарып тарту етті. Екі адамның басы қосылса, шөптің жайын қозғайтын қазіргідей кезде оның осындай игі іске мұрындық болуы ауылдастарын қуантып отыр. Әр тюктің бағасы 800 теңгеден болғанымен шөбі таусылып отырған ауыл бағаға қарап жатқан жоқ. Өйткені жақын жерден мал азығын табудың орайы келмейді. Қайта «Аманжанның амалы қолайлы», — дейді. Аманжан Есенбайұлы одан бөлек Шұбарши мен Көптоғайға 18 рет қатынап, 90 тонна көмір тасыған. Әрине тегін көмек қылмаса да, жол қатынасы жиі болмай қалатын ауылдарды қатты отыннан үзген жоқ. Олай дейтін себебіміз, екі күннің бірінде қар басып қалатын жолдың ауыртпалығын ауыл тұрғындары жақсы біледі. Сондықтан Аманжанның бұл ісін көпке үлгі санайды. Расында Аманжан Айдаров қара басы үшін тыраштанып жатқан жоқ. Туған елі үшін, кіндігінің қаны тамған жері үшін өгіз қара күшін жұмсап келеді. Ендеше бізде елім деп қызмет қылып жүрген Аманжан Есенбайұлының ісіне береке, басына амандық тілейміз!

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар