ӘлеуметБасты тақырып
ЕКПЕТАЛДЫҚТАРДЫҢ ҰЙЫМШЫЛДЫҒЫ КӨПКЕ ҮЛГІ
Екпетал ауылы тұрғындарының ұйымшылдығы мен ынтымағы көпке үлгі. Ауыл азаматтарының береке-бірлігі осында туып-өскен жастардың, азаматтардың ұйытқы болуымен елдің біртұтастығы жоғалмай келеді.
Биыл тоң байланып, қардың күрт еруі, сондай-ақ Ойыл-Қиыл қос өзеннің қоса тасуы, сәуір айында толассыз толыққан өзен суы Екпетал, Қаратал ауылдарына да қауіп тудырды. Әйтсе де, молшылықтың көзі болған өзеннің арнасынан асып, аңғарларды суға толтыруын ел жақсылықтың нышаны деп қабылдады. Екпеталдықтардың, ел азаматтарының, жастардың ауызбіршілігі, ұйымшылдығы арқасында орын алар аса ауыр зардаптардың беті тойтарылып, өзен суы сабасына түсті.
Ауызбіршілікпен күн-түн демей бұл қиыншылықты да бір кісідей еңсерді.
Қандай қиындық болса да, ауыл тұрғындары сабырлық сақтап, бір-біріне қолдау көрсетіп отырады. Түрлі той-томалақтарда, мереке қуаныштарда елдің ауызбіршілігі байқалады. Ол қазақтың қайғы келсе де, қуаныш болса да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатындығы». Ынтымағы жарасқан, ұйымшылдығы ұйысқан осы қасиетті ауылдың болашағының жарқын екендігіне шүбә жоқ.