ӘлеуметБілім

Кітап –зерде құралы Кітапхана тұрағы

Кітап — біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Халқымыз өнер мен білімді қадірлеген. Бүгінгі таңда барлық адамзат алдында тұрған басты мақсат — білімді ұрпақ тәрбиелеу.
Ал ұрпақ білімді  қайдан алады? Әрине, кітаптан. «Кітапхана — білімнің күншуағы» десек, балаға кітапхананың есігі әрқашан да ашық. Ата- бабамыз кітапты ерекше ақылшы ұстаз санаған. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» — деп Абай Құнанбайұлы айтпақшы,  адам баласы үшін кітап — тілсіз тәрбиеші. Кітап адам баласына бала кезінен бастап өмірінің соңына дейін сырлас досы бола алады. Бүгінгі сол асыл қазыналарымызды жас буынға жеткізуші алтын көпір — кітап  пен кітапханалар, өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін  тарихы да, әдебиеті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан  табамыз.
Жазушы Ә.Кекілбаевтың сөзі осыған дәлел: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары  санаймын» — деген.
Міне, қызығы мен қиындығы қатар жүретін кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін  емес. Кітапханашы оқырманның сұраған кітабын тауып беруші ғана емес, көптеген маңызды жұмыстардың, көшбасшысына айналды. Бүгінгі заманға сай күнделікті ақпарат ағынын оқырманға жеткізуші, кітапхананың бай қорын сақтаушы, насихаттаушы түрлі іс-шаралар мен әдеби кештерді ұйымдастырушы, Қазақстанда ресми түрде бекітілген атаулы күндер мен белгілі ақын-жазушылардың, ғалымдардың мерейтойларына  арналып тақырыптық көрмелер ұйымдастырушы, әр оқырманның  талап-тілегіне сай бағыт-бағдар беруші, кітап пен кітапханы ұлттық құндылықтар мен оқырман арасын жалғастырушы да кітапханашылар. Көрнекті жазушы Оралхан Бөкей бір сөзінде: «Адамға ауа қандай  қажет болса, кітапхана да сондай қажет»  -деп басып айтқан. Бүгінде ғылыми-техникалық прогресс пен адамзат өркениеті қаншалықты жедел қарқынмен дамып жатса да, кітапхананың орны  бөлек.
Шындығына келгенде оқырманды кітап оқуға баулу – ұлттық болашағы, өйткені кітап пен кітапхана – әр қоғам мәдениетінің көрінісі және әрбір өркениет түрінің көрсеткіші болып қала береді.
Кез-келген салаға жаңашылдық енсе, үрке қарайтын әдетіміз бар, кітапхана жұмысын онлайн форматта ұйымдастыру басында үрей мен қорқыныш тудырғаны анық. Білім мен ғылымға, жаңашылдыққа ұмтылу біздің қанымызда бар қасиет. Сондықтан да осы жаңа форматтағы жұмыс жүйесіне нық  сеніммен Аудандық Орталық кітапхана кітапханашылары да кірісіп кетті. Нәтижесінде кітапханада онлайн форматта түрлі кездесулер мен байқаулар, виртуалды кітап көрмелері мен әлеументтік желілерде челлендждер өткізілді, әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер ұйымдастырылып, видео өнімдер мен құттықтаулар әлеуметтік желілерге жүктеліп, оқырмандарға ұсынылды.  Қазіргі таңда да белгілі ақын жазушылардың шығармалары оқырмандарға онлайн формат түрінде насихаттау жұмыстары жалғасын табуда. Кітапханашылар бүгінгі мәдени дәстүрлер мен заманауи ақпараттық технологияларды қолдану арқылы оқырманның жан-жақты, интеллектуалдық және рухани дамуына жағдай тудыратын әмбебап мамандықтардың біріне айналды.
Кітапханаға жиі келіңіздер, бірге ізденіп, бірге кітап оқиық!

Гүлнара Сағатова,
Аудандык орталык китапхананын кітапханашысы.

Басқа жаңалықтар