ӘкімдікБасты тақырып
Ойылдың шағын ауылдарына су тартылып, ауылішілік көшелер жөнделуде
Ойыл ауданында шағын ауыл тұрғындарын ауыз сумен жабдықтау, ауылдардың жолдарын жөндеу, бұқаралық спортты дамыту, жалдамалы-коммуналдық тұрғын үй салу жұмыстары қарқын алған. Жуырда «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасы бойынша атқарылған жұмыстарды облыстық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» фракциясы жетекшісі мен мүшелері бақылап кетті.
Жол картасы бойынша 5 жылда 18,6 мың адамды немесе 100 пайыз аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету кезең-кезеңмен жоспарланған. Соның ішінде былтыр ауыз су Қаракемер, Ақшатау, Көсембай, Ақкемер, ауылдарына жеткізілсе, алда Бестамақ ауылы тұр. Депутаттар бақылау жұмыстарын Бестамақ ауылынан бастады.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Таңат Нұрымгереевтың айтуынша, Бестамақ ауылының ауыз суы іске қосылған жағдайда 68 пайыз елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмақ (халық саны бойынша 91 пайыз). Бестамақ елді мекеніне республикалық және облыстық бюджеттен 240 млн. теңге қаржы бөлініп, жеңімпаз мердігер — «МоноЛит» ЖШС маусым айында бастап жұмысын бастады. Құрылыс жұмыстарын қараша айында аяқтау жоспарлануда.
— Ауданымызда қазір 22 елді мекен бар. «Жол картасы» негізінде 200 тұрғынға жетпейтін елді мекендерді модульдік кешенді ауызсумен қамту жоспарланды. Соның негізінде жергілікті бюджеттен 75 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда 5 елді мекенге күзге дейін ауыз суы жеткізіледі. Ал Қарасу мен Шұбарши халқы 200-ден асатын болғандықтан орталықтандырылған ауыз су тарту жоспарлануда. Биыл жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өткізілген соң 2022 жылға бюджеттік өтінім тапсырылады, — деді бөлім басшысы.
Содан соң фракция мүшелері Ойыл ауылының бірнеше көшелеріне, аудан орталығынан Қараой бағытына және Ойылдан Атырау облысы, Қызылқоға ауданының шекарасына дейінгі жолдарға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.