Әлеумет
МАЛ АЗЫҒЫ Бағасы мен салмағы сай болса…
«ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА», - ДЕГЕН БАБАЛАР СӨЗІ БҮГІНГІ КҮНІ ШАРУА БАҚҚАН ЖАНДАРДЫҢ КҮЙКІ ТІРЛІГІНЕ ДӘЙЕК БОЛЫП ТҰРҒАНДАЙ ӘСЕРДЕ ҚАЛДЫРАДЫ МЕНІ. ӨЙТКЕНІ БІЗДІҢ АУДАННЫҢ ТҮГЕЛІ ДЕРЛІК МАЛ ӨСІРЕДІ. АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ НЕГІЗГІ ТАБЫС КӨЗІ ДЕ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА. ӘЙТСЕ ДЕ ШЫҒЫНСЫЗ ТАБЫС ӘКЕЛУДІ КӨЗДЕЙТІН КЕЙБІР АҒАЙЫННЫҢ БЕЙҚАМ БІР ӘДЕТІ МАЛ АЗЫҒЫН ӘЗІРЛЕУГЕ НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАЙТЫНДЫҒЫ. ШЫНТУАЙТЫНДА МАЛ АЗЫҒЫ ТУРАСЫНДА ТҮЙІТКІЛДЕР МЕН ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕЛЕР КӨП. АЛАЙДА АЛДАҒЫ УАҚЫТТА «ҚЫСҚА ҚАМСЫЗ» ТҮСУ СЕКІЛДІ КЕЛЕҢСІЗ ҮРДІСТЕР ЖАЛҒАСА БЕРМЕУІ КЕРЕК.
Рас, бұрынғыдай орақ батпайтын қалың шабындық жоқ қазір. Бір малын екеу қылу үшін бейнет кешіп жүрген шаруаларға оңай тиіп отырған жоқ. Әйтсе де бұл біздің аймақта шөптің шығымы мүлде төмен дегендік емес. Шөптің тапшылығы бірнеше жылдан бері Көптоғай ауылдық округінде мәселеге айналып отыр. Аталған округ тұрғындарының уайымы да осы мал азығы. Жалпы аудан бойынша жергілікті тұрғындардың базынасы шөптің бағасынан гөрі оның көлемі мен салмағында болып тұр. Бұл әңгіме қазіргі таңда екінің бірінің ауызында жүргенімен түйінді мәселе шешілер емес.
Қазір мал азығын әзірлеу науқаны жүріп жатыр. Әзірге шаруалар шөпті шабу, шөмелелеу сынды қызу жұмыс үстінде. Дайын шөпті қыстақтар мен ауылдарға бірен-саран тасып жатқандар да бар. Шөптің бағасы қыстағыдай қымбат емес. Бірақ былтырғы науқан кезіндегі бағадан өсім байқалады. Себебі жанар жағар майдың бағасын айтпағанда, күннің аптаған ыстығына қарамастан азаннан қара кешке дейін жүріп мал азығын дайындайтын қарапайым жандардың еңбегін ескермей қалуға да болмайды. Сондықтан шөптің бағасына бұлданып, ауыз бұртитпауымыз қажет. Есесіне малдың бағасы нарықта шарықтап тұр. Былтыр шаруа баққан жандар малдарын қыстан аман алып шығуы үшін шаш-етектен шығындалды. Мал азығы мүлдем таусылып қалған округтер де болды. Көпке мәлім, шөпті сырттан тасыдық. Сол кезде шөптің бағасына ешкім шошып қараған жоқ. Көршінің малы аштан қырылғанда қысқы мал азығын артық жиғандар пайдаға кенелгенін де көзімізбен көрдік. Жергілікті билік тарапынан мал азығын арзан бағада аулаларына түсіріп алу үшін түсінік жүргізу жұмыстары үзілмеді. Қара күзге дейін апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп, мал азығы тұрақты бағада сатылды. Тұрғындарға қажетінше мал азығын түсіріп алуға үлкен мүмкіндік болды. Тіпті шөп бағасының өсетіндігі де сан рет ескертілді. Алайда осындай бейқамдық пен қыстың қолайсыздығынан көптеген шаруалар қиындыққа тап болды. Шөптің бағасы екі есеге қымбаттап шыға келді. Рас, қымбат болғанның өзінде шөпті табудың өзі ағайынды біраз абдыратты. Себебі алдындағы азды-көпті малын қыс бойы далаға айдап жайып шығатын ауылдастарға қыс қолайсыз болды. Құрықпен қанша сықпыртса да мал байғұс ауылдан ұзап шыға алмады. Осылайша табиғаттың тосын құбылысы мен «қыстың көзі қырау» екендігін ескермеген жұртшылық, яки ескергеннің өзінде қысқы мал азығын екі айға есептейтін жерлестер жаз шықса мал азығын мол жинаймыз деп білек сыбанды. Бірақ, қазір оның лебі де байқалмайды. Таяу күндерде тамызда кіреді. Әлі де болса аулаларына шөп түсіргендер жоқтың қасы.
Нақты дерекке көз жүгіртсек, биыл аудан бойынша қысқа 42100 бас мүйізді ірі қара, 134300 бас қой-ешкі, 15100 бас жылқы, 80 бас түйе малы түседі. Шөп қажет ететін аула саны 2198 болса, қазіргі таңда небары 242 аула ғана мал азығымен қамтылған. Бұл орайда Ойыл аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айбат Ербазиевтің айтуынша, мал қыстатуды қалыпты өткізу үшін 220,7 мың тонна мал азығын дайындау қажет екен. Сонымен қатар сала басшысы науқан кезінде ауылдық округтер мен елді мекендерді аралап, маз азығын дайындау, тұрғындарға қажет шөп мөлшерін түсіріп алу бойынша түсінік жұмыстары жүргізіліп жатқандығында айта кетті. Сондай-ақ Көптоғай ауылдық округінде мал азығы тапшы екендігінде жасырмады. Бұл округті мал азығымен толықтай қамту үшін Саралжын, Қайыңды округтерінен жер беріліп мал азығы мардымды дайындалып жатыр екен-мыс. Алаңдауға негіз жоқ сыңайлы. Арнайы зерттеу барысында, Көптоғай ауылдық округінің тұрғындары ауылдағы шөптің бағасы аса қымбат еместігін, қол жетімді бағада сатылып жатқандығын жеткізді. Қазіргі таңда шілде айының ортасына дейінгі дайындалған мал азығы 93,6 мың тонна. Оның айтуынша аудан бойынша мал азығын дайындау жұмыстары толық қанды атқарылуда. Биылғы шөптің орташа түсімі әр гектарына 2,8-3,0 центнер. Сондай-ақ айта кетсек, биылда мал азығының жәрмеңкесі апта сайын өткізіледі. Қыс кезінде байламын таба алмаған баға жәрмеңкеде тұрақталады. «Тұрғындар құлағына алтын сырға!» Бір престің бағасы 400-450 теңгеден қойылса, руллонның бағасы 4500-5000 теңгеден аспайды. Бұл жергілікті билік тарапынан ұйымдастырылған тұрғындарға берілген мүмкіндігі болмақ. Өйткені көпке мәлім одан кейін шөптің бағасын ұстап тұру мүмкін емес.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.