Әлеумет

Тілегі тоғысқан ауылдың тірлігі бекем

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергені белгілі.  Осы орайда арнайы заң жобасы на енгізілген өзгерістерге сәйкес, 25 шілде күні еліміздің барлық өңірінде мерзімі аяқталған ауылдық округтері әкімдерінің орнынан сайлау өтті.Мемлекет басшысы Қ-Ж. К.Тоқаев осы жылдың 24 мамырында Сайлау туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы Жарлыққа қол қойды, ол заң 4 маусымнан бастап күшіне енді. Заңға енгізілген негізгі өзгерістер, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округ әкімдерін халықтың дауыс беруі арқылы тікелей сайлау, саяси партиялардың тіркелуі үшін шекті мөлшер 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді, сондай-ақ сайлау бюллетенінде «барлық кандидатқа қарсымын» деген жол бар.
Осы жылдың 25 маусымында аудандық аумақтық сайлау комиссиясы өзінің қаулысымен Конституциялық өкілеттіктері 8 тамызда аяқталатын аудандағы Көптоғай және Саралжын ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын 25 шілдеге тағайындады. Соған сәйкес аталған ауылдық округтер бойынша 2 сайлау округі құрылып, сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі Күнтізбелік жоспар бекітілді. Осы сайлауды өткізу үшін аудан бойынша  7 мүшесі бар аудандық аумақтық және 40 мүшесі бар 8 учаскелік сайлау комиссиялары 25 маусымнан бастап жұмысын бастаған еді.
Өткен жексенбі күні екі округтің тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы әкімдерін сайлады. Әрине, үміткерлердің барлығы да өздеріне берілген мүмкіндікті тең пайдаланды.
Ауыл әкімдерінің алғашқы сайлауынан репортаж жасау үшін біз Саралжын ауылына жол тарттық. Мал азығын дайындау маусымының қызған шағында таң алакеуімнен сайлау учаскесіне асыққан ағайынды да түсінеміз. Саяси науқаннан сырт қалмауға тырысып, ауылының ертеңіне алаңдаған ақсақалдың бірі — Жақсылық Бисалиев. Қай уақыттан да белсенді ақсақал бұл жолы да жастарға үлгі көрсетті. Алғашқы лекте дауыс берді. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Уәлихан Төлеуғалиев учаскеге қарасты Қоңырат ауылына арнайы жәшікпен барып, дауыс беру ұйымдастырылғанын айтты. Саралжын ауылындағы жаңа клубтағы сайлау учаскесінен ескен әуен елді елітіп, шектеулерге байланысты бұйығы тірліктегі жұрттың тілегін бір арнаға тоғыстырды.

 Жақсылық Бисалиев,
Саралжын ауылы.

Менің таңдауым ауылдың бірлігі

Көптоғайлықтар үшін өткен жексенбі маңызды күн болды. Өйткені біздің ауылда таңертемен ауыл әкімін сайлау науқаны өтті. Дауыс беру орнында барлық санитарлық талаптардың сақталуына қатаң мән беріліп, келушілерге кедергісіз дауыс беру үшін жағдай жасалған. Ұйымдастырушылар алдымен сайлаушылардың дене қызуын өлшеп, барлық қажетті сақтық шараларын жасап жатыр. Халық өз таңдауын жасауда. Ауылдың айрандай ұйып отырған бірлігі мен тыныштығы үшін әркім өзінің сүйікті үмтікеріне дауыс береді. Тек сайланатын әкім елге адал, әділ басшы болып қызмет етсе деймін. Құдайға шүкір! Біздің ауылдық көштен қалған емес. Әйтсе де ауылдың тұрмыс-тіршілігі мен шаруаға ыңғайлы адам әкім болуға лайық. Сондықтан әр сайлаушының таңдауы мен дауыс беруі өте маңызды. Мен бұған дейін болған сайлаулардан қалған емеспін. «Ел ерге, ер елге сенім артқан артқан уақытта» өзім қалаған үміткерге үкілі үмірт артып таңдау жасадым. Елдің азаматтарына абырой берсін. Ауыл көркейіп, шаруашылығымыз алға баса берсін!

Әлия ОМАРОВА.

Ауылымның ертеңі үшін дауыс бердім

Менің дауыс беру жасына толуым ауыл әкімін сайлаудан басталды. Өз таңдауымды жасап, ауылымның ертеңі үшін дауыс бердім. Кіндік қаным тамған ауылымның болашағы біздермен тікелей байланысты. Осыған соңғы он жылда атқарылған жұмыстардың куәсімін. Көз алдымда ауылым жарқырап, жаңарып жатыр. Ойыл ауданының қақпасы саналатын Саралжындағы соңғы жылдарғы игіліктер біздің мемлекеттің әлеуетінің куәсі. Ендігі елдің үміті – көгілдір отын. Ол күнде қашық емес деп ойлаймын. Мен бүгін өз таңдауымды жасап, ауылымның болашағына дауыс берсем, ертеңгі күні оқуымды бітіріп, ауылымды көркейтуге атсалысамын.

Жайнаш Пұсырманова,
Саралжын ауылы.

Басқа жаңалықтар