Басты тақырыпСпорт

Су спортына құмар балалар көп

Өзен бойын жағалаған ауыл баласы үшін суға түсу спорт саналмаса керек. Жаз бойы ойын алаңы іспетті. Алайда, қыста суға түсе алмайды. Айдынға құлаштап жүзіп үйренген балалар үшін Ойылда ашылған ішінде бассейні бар дене шынықтыру және сауықтыру кешені «Іздегенге сұраған» болды.

Алайда, кешеннің қуатын шектеу шараларының кесірінен толық пайдалана алмадық. Арнайы мамандар даярланып, су спорты секциясы ашылды. Бүгінде суға жүзуді спорт деп қарайтын балалар қатары көбейіп келеді. «Батырдың майданда шынығатыны» сияқты, суға жүзуді кәсіби тұрғыдан меңгеріп жатқан балалар үшін жарыстың керегі сөзсіз. Өткен аптада балалардың ойын полицей ағалары орындады.
Яғни, Ойыл аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Есірткіге жол жоқ» акциясы аясында жасөспірімдер арасында суға жүзуден аудандық жарыс өтті. Ауданымызда суға жүзу спорт түрінен жарыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. «Есірткіге жол жоқ!» акциясы аясында өткен шара есірткіге қарсы қылмыстардың алдын-алу, болдырмау, полиция имиджін көтеру, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатын көздеді.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев салтанатты ашып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Келесі кезекте сөз алған Ойыл аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Дархан Ғалымжанов ұйымдастырушылар тарапына алғысын білдіріп, спортшыларды тартысты ойын көрсетуге шақырды. Тартысты ойында өз шеберліктерін көрсеткен 2010-2011 жылғы жасөспірімдер арасында ІІІ орын Мәулен Айдынғалиев, ІІ орын Ертұғыр Қажымұқан, І орынды Эмиль Медетов иемденді. 2013-2017 жылғылар арасында ІІІ орын Абдулмомын Жұмабай, ІІ орын Өркен Қонаш, І орынды Дәулет Дәуренұлы жеңіп алды.
Үздік спортшылар арнайы дипломдармен, медальдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Г.АБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар