ӘлеуметРухани жаңғыру
Ісі көпке үлгі Займолдиндер отбасы
Жуырда ғана облысымыздан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Займолдиндер отбасы жеңімпаз болып, Республика бойынша «Мерейлі отбасы — 2021» ұлттық конкурсының лауреаты атанғаны баршаға мәлім. «Отбасы институты өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік, парасаттылық, еңбексүйгіштік, патриотизм, сияқты қасиеттерді қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.», — деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай Займолдиндер отбасы да сол бір қасиеттерді оқушылардың бойына қалыптастыруда тарихи тағлымы мол іске ұйытқы болды. Нақтырақ айтсақ, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына» орай аудан орталығындағы үш мектептің 30 оқушысына көршілес Қобда ауданының тарихи жерлеріне экскурсия ұйымдастырды. Экскурсия таңертемен басталды. Ұзақ жолға аттанған оқушылардың жолшыбай ішетін ас-сулары тегін қамтылып, олардың жол қауіпсіздігін аудандық ішкі істер бөлімінен бөлінген топ бақылап отырды. Алдымен Әлия ауылдық округінде болған оқушылар «Әлия патриоттық тәрбие беру» облыстық орталығында болып, батыр апамыздың музейін аралады. «Әлия патриоттық тәрбие беру» облыстық орталығының директоры Бағдаш Тупенова Әлия Молдағұлованың балалық шағынан бастап, оның өмір жолын таныстырып өтті. Сондай-ақ оның жақын туыстарымен таныстырып, соғыстағы ерліктерінен көптеген тарихи деректер мен мәлімет берді. Музей ішіндегі суреттер қаршадай қыздың мергендер мектебінде оқып ажалдың оғы қардай борап жатқан отты майданға сұранып баруы күллі қазақ қыздарының ар-ожданы мен елге деген ыстық махаббатын көрсетіп тұрғандай күй кештірді. Аталған орталық директоры Бағдаш Әбдіжамиқызы аптаның демалыс күніне қарамастан ыстық ықыласпен қарсы алуының өзі батырға деген баға жетпес құрмет екенін атап өткім келеді. Өйткені оның жандүниесімен тебірене батыр апамыздың ерлігін бүгінгі буынға ұлықтауы ұлтқа қызмет қылғаны деп білеміз. Тоқтала кетсек, Бағдаш Әбдіжамиқызы батыр апамызға тағзым етіп, Ойыл ауданы алғаш рет келіп тұрғандығын жеткізсе, Ғазиз Займолдин оқушыларға Әлия Молдағұлованың ерлігі санмызда мәңгілік сақталуға тиіс екендігін, оны ешқашан ұмытуға болмайтынын айтып, оқушыларға өнеге боларлық ой салды. Одан кейін түс әлетінде оқушылар Әлия ауылдық округінен 20 киллометр жерде жатқан Әлия Молдағұлованың туған жері «Бұлақ» ауылында болды. Онда оқушылар жеке кәсіпкер Жолдас Сүйін Алдабергенұлының демеушілігімен салынып, жақында ғана лентасы қиылған Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туған жеріндегі музей-үйінің алғашқы қонақтарының бірі болды. Мұнда да тарихи тағлымды мағұлмат алды. Батырдың атындағы саябақты аралап, батыр апамыздың өшпес ерлігін саналарына сіңіріп қайтты. Әрі қарай оқушылар Қобда ауданының орталығынан тегін түстеніп алғаннан кейін экскурсия Қобыланды батырдың жатқан жері Жиренқоға қарай бағытталды. Күн төбеден едәуір құлаған тұста арнайы топ XV ғасырда Алтын орда ыдырап, Қазақ хандығы құрылар тұста Дешті-Қыпшақ даласын мекендеген көптеген түркі тайпалары қазақ ұлты боп ұйыған кезеңде, Қарақыпшақ тайпасынан шыққан қаһарман батыр, елінің, жерінің бостандығы , азаттығы, егемендігін ат үстінде жүріп, білектің күшімен, найзаның ұшымен өмірінің соңына дейін сырт жаулардан қорғаумен дүниеден өткен, ерлігі ғасырлардан ғасырға, ұрпаққа өнеге болып жеткен Қобыланды батырдың мемориалдық кешенін аралап, батыр бабаның рухына тағзым етті. Батырға арналып салынған кесене іші өте кең. Биіктігі 17 метр кесене іші адам дауысынан жаңғырып тұр. Кең тұлғалы батыр бабамыздың ерлігі ғасырлардан аңыз болып айтылып, шындыққа айналғанын айнақатесіз жеткізіп тұрғандай күй кештіреді. Қобыланды мемориалдық кешенінің қор сақтаушысы Ақорын Манашова сонау ғасырлардан жыршылардың жырларына арқау болып, елі үшін қылған ерлігі мен дарабоз батырдың дабысы бүгінгі күнге дейін бәз қалпында жеткен батыр бабамыз Қобыландының жүріп өткен өмір жолын таныстырып, жауға шапқан жорықтары мен ерліктерінен сыр шертті. Осылайша елі үшін жанын құрбан еткен батырларға деген құрмет пен туған жерге деген патриоттық сезімді санамыздың көкжиегінде қалыптастыруға арқау болған Займолдиндер отбасының ісі көпке үлгі.
P.S. Осындай игі іске қолдау білдірген Ғазиз Займолдин айрандай ұйып отырған отбасының мәйегі болып ғана емес өңірімізде абыройы асқақ тұлға. Сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырауда да аудан жұртын қиыншылықтан алып шыққан оның еңбегі, ел басқаруда кәсіби шеберлігі, іскерлігі, есі кірген әр ойылдықтың жадында сайрап тұр. Біз Ғазиз Займолдинмен арнайы тілдесу барысында туған жердің өсіп-өркендеуі үшін өскелең ұрпаққа өнеге боларлықтай әлі талай-талай істер атқарылатын емен-жарқын айтып өтті.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Әлия-Жиренқопа-Ойыл.