Әлеумет
Теңгені тұңғыш көргендер
Биыл төл теңгемізге де 25 жыл толды. Сонау 1993 жылдың күзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 15-ші қарашада тұңғыш теңгеміз айналысқа енді. Бұл сол кезде аяғын апыл-тапыл басқан Тәуелсіз елдің тұғырын бекіткен тарихи шешімнің бірі еді. Әрине, одан бері банкноттардың дизайны бірнеше рет өзгерді. Құны бәсеңдегенімен қазақ үшін қасиетін жоймайды.
Жыл сайын аудан экономикасы сатылап өсіп, бюджеті де көбейіп келеді. Қажетті қаражатты жоспарлап отыратын аудандық әкономика және жоспарлау бөлімі болғанымен ақшаның айналымын реттейтін басқарма бар. Ал оның алдынде ең бірінші Мемлекеттік банкінің Ойыл аудандық бөлімшесі, кейін Агропромышленный банкі болған. Яғни атаулары өзгергенімен жұмысы жаңа заман талабына сай ыңғайланып отырды. Мекеменің ең алғашқы басшылары Тайыр Галиакпаров, Шам Пангереев, Ақай Назаровтар болды. Одан кейін бұл мекеме бюджеттік банк болып, қазір қазынашылық басқармасы болып өзгертілді. Бүгінгі күні аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанат Мусина есеп саласында үздіксіз қызмет етіп келеді.
Оның айтуынша мекеме жергілікті 26 бюджеттік мекемемен жұмыс жасайды. Олардың берген мәліметі бойынша, келісім-шарттар жасасып, ақша әр салаға сол арқылы өтеді. Алматы халық шаруашылығы институтын қаржы және несие мамандығы бойынша бітірген оның жұмысы төл теңгемен бірге өрілді. Олай дейтініміз 1993 жылы сол кездегі Ұлттық банктің Ойыл ауданы бойынша есеп касса орталығына бухгалтерлік жұмысын бастады. Тұңғыш рет теңгені көріп, қолымен ұстағандардың бірі де сол.
«Мен келген жылдары есеп касса орталығы ауданның банкісі еді. Қаржының бәрін бізден алады. Тіпті Казпочтаның өзі де. Ақша ауысады дегеннен бастап тұрғындар үйдегі бұрынға ескі сомдарын әкеліп тапсыра бастады. Көптігі сондай бөлмелердің іші ақшаға толды. Теңгені арнайы жүк көлігімен, қарулы жасақтармен алып келді. Ертеңнен бастап халыққа тарата бастау керек. Бір апта құпия ұсталды. Бір апта бойы үйімізге бармай жұмыста болдық. Шығуға болмайды. Ескісі бар, теңгесі бар ақшаларды орналастырып, реттеп, бөліп дайындадық. Таңертеңгісін 9-да банкіміз тұрғындарға жаңа теңгемен жұмыс жасайтын болды. Соған бір сағат қалғанда бәріміз теңгеніқызық көріп, өзіміз ұстап көрдік. Сонда білдік. Ақшаның иісі болады екен. Сом мен теңгенің иісінен басымыз айналып арасында таза ауа жұтып аламыз. Алғашында 500 сомың бір тиын болды. Сол кезде естіп едік. Бүкіл Қазақстан бойынша ескі ақшаларды Тараз қаласына бір жерге жинап жатыр деп. Бізден де көп ұзатпай алып кетті» — деп теңгенің алғашқы күндерін еске алады Гүлжанат Мусина.
Ал еліміз бойынша Қаржыгерлер күні болғанымен қазір мекеме ұжымы төл теңгенің күнін атаусыз қалдырмайды.
Теңгенің тарихы
1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. 1]1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналысқа енгізілді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді. Осы сәттен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі эмиссиялық банк болып табылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық банктің эмиссиялық қызметі оның, құрылымдық бөлімшелері: Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Банкнот фабрикасының банкноттары мен Өскемен қаласында Монета сарайында дайындалған монеталар көмегімен іске асады. Банкноттар мен монеталарды шығару, олардың айналысын ұйымдастыру, жалған ақша жасаушылармен күрес бірте-бірте ғаламдық проблемалар болып отыр. Бірқатар мемлекеттер банкноталар мен монеталарды алдыңғы қатарлы технологиялары бар компанияларға ішінара және толық бере отырып, өздері оларды жасаудан бас тартады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы қорғалған баспа үшін қазіргі заманғы баспа жабдықтарымен жарактала отырып, тек ұлттық валюта банкноталарын ғана шығарып кана қоймай, мемлекеттік және коммерциялык тапсырыстар бойынша қорғалған полиграфиялық өнімді де шығарады. Қазақстан теңге сарайы Берлинде (Германия) беделді Монеталар сарайы көрмесінде жоғары бағаланатын монеталарды шығарады және оған деген мамандар мен коллекционерлер арасындағы қызығушылық күннен-күнге өсіп отыр. Қазақстандық валютаны жасау тарихын болашақ ұрпаққа сақтап калу мақсатында 1997 жылы 13 қарашада Ұлттық Банктің мұражайы ашылды. Бүгінгі күні мұражайдың қоры 5 мың материалдық мәдениет заттарын жинастырған. Бұл жерде XII — XIV ғасырлардағы, қола және күміс монеталар, революцияға дейінгі Ресейдің, уақытша үкіметтің, РКФСР және КСРО-ның ақша белгілері, сондай-ақТМД елдерінің ақша белгілері сакталған. Мұражай корында күны 5 және 10 рубль 1898-1899 жылдары шығарылған Николай II патшаның бейнесі бар орыс алтын монеталары, Ұлы Петр, Екатерина II, Николай II бейнесі бар күміс монеталар бар. Сондай-ақ неміс рейхсмаркалары, орысполяк монеталары және Қытай, Мексика, Польша, Австро-Венгрия монеталары да бар. Жәдігерлер арасында ерекше, мысалы «жібек ақшалар», «опиумдық ақшалар»дегендер де аз емес. Құны 5000 теңге салмағы 1 кг 925 сынамды күмістен жасалған Қазақстан тәуелсіздігінін, 10 жылдығына арналған күміс монета мұражайға келушілерді өзінің өлшемімен және дизайнымен таңғалдырады.
Қызықты деректер
Мемлекеттің егеменді ел екенін айқындайтын бірден-бір белгі − ақша айналымында өзіндік төл вальютасының болуы. Бұл − мемлекеттің нағыз ел болуып қалыптасқан нышаны.
Теңге банкнотасы қатарынан үш рет 2011, 2012 және 2013 жылдары дүниежүзіндегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды.
50 теңгелік қағаз ақшада Қазақстанның Тұңғыш президентінің портреті тұруы тиіс болған, алайда Нұрсұлан Назарбаев мұндай мәртебеден бас тартқан.
Ұлттық валюта қалыптастыру — көп күш пен еңбекті талап ететін, күрделі үдеріс. Бірақ Қазақстан тәуелсіздігін алғанына 2 жыл толмай жатып, 1993 жылы 15 қараша күні теңгені ресми түрде ақша айналымына енгізді. Ол қазақстандық валютаның дүние есігін ашқан күн болып естептеледі. Ұлттық валюта — теңге туралы бірнеше қызықты дерек ұсынамыз.
Теңгенің ең алғашқы дизайны қалам, калька және тушь арқылы салынды, өйткені әрлеушілердің қолында бұдан басқа ешқандай құрылғы болмаған.