Экономика

Мал бағу — маңғаздың ісі емес!

«Мал баққанға бітеді», — дейді дана халқымыз. Осы бір қасиетті ұғымды ұстанып, шаруасын дөңгелетіп отырған шаруашылықтар жетерлік. Ауданның ауыл шаруашылығын дамытуда мал бағумен айналысып отырған тіс қаққан шаруа қожалықтар қатарында ең жас шаруа қожалық төрағасы Сырым Айтқалиев та бар. Жиырма жасында шаруа қожалық ашқан жас жігіт қазір шаруаға әбден «пісіп» қалған. Оны тәртіпті етіп тәрбиелеген де, еңбекке баулыған да әкесі көрінеді. Бала күнінен малсақ болып өскен Сырым алдындағы мал басын көбейтсем деген оймен әке таяғын аманттап алды. Ол үшін не істеу керектігін асықпай ойланып, мемлкеттік бағдарламаларға қатысамын деген байламға келді. Өйткені ауыл шаруашылығымен айналысамын деушілерге мемлекеттің қолдауы жоғары екенінен бұрыннан хабардар еді. Сырым Мақсотұлы «мал баққан осылай екен», — деп шаруаға кірісуге бірден тәуекел етпеді. Алдымен ветеринария мамандығы бойынша Ойыл аграрлық колледжінде оқыды. Онда малды емдеу, ота жасау, тілі жоқ жануардың ауруын анықтау бойынша тәжірибе жинады. Одан кейін білімін шыңдауды көздеген ол Сақтаған Бәйішов атындағы университетті тәмамдады. Сырым қолында қос дипломы болса да, мемлекеттік жұмысқа орналаспады. Керісінше ата-кәсіппен айналысуға асықты. Аудан орталығынан шалғай жатқан Қараой ауылдық округіне қарасты бұрынғы Жақсыкөл елді мекеніне барып, кіндік қаны тамған жерде әкенің салған жолымен мал бағуды қолға алды. «Жас келсе іске» демекші, шаруаға білек сыбана кірісті. Қолда бар малдың басын арттыру үшін «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасына қатысты. Аз уақыт ішінде мал басын көбейтіп алды. Қазір 100-ге жуық тмүйізді ірі қараны асылдандыру жұмыстарын жандандырып жатыр. Ол үшін де мемлекеттен субсидия алып отыр. Оған қоса мал азығын дайындағаны үшін де субсидия алады. Сырымның шаруашылығында сиырдан бөлек 200-ге тарта қой және жылқылары бар. Арнайы репортаж кезінде иен далада жорытып жүрген жылқыларының бір сыпырасын көрсеткен Сырым, Қамбар ата төлін көбейтуді көздейтінін жасырмады. Оның ендігі мақсаты шаруашылықты одан әрі кеңейтіп, шаруашылық техникаларын жаңарту. Асыл тұқымды мал басын көбейтіп, ауданның ауыл шаруашылығы саласына өзіндік үлесін қосу. 5-6 сынып оқып жүрген кезінен-ақ, трактор айдауды меңгерген Сырым Айтқалиев қазір оны шебер жүргізіп қана қоймай сынған жерлерін өзі жөндей алады. Тракторы өткен дауірдің көзі болғанымен оны бірауық тоқтатқан емес. Мал азығын дайындау науқанында да таңнан кешке дейін қызу жұмыс жасаудан жалықпады. Артылған шөппен қараойлықтарды қамтыды. Қазір жиырма бестегі жалындап тұрған жігіттің бірінші мақсаты шаруаның бір шетін үйлестіретін, қарапайым, еңбекке енжар емес көңіл жарастыратын жақсы жанмен жұп құру. Бұл анасы Сағира апайдың басты арманы десек, артық айтқандық емес. Өйткені Сырым әке отын өшірмейтін отбасындағы жалғыз бала. Әкесі Мақсот оның ойға алған ісін жасауға әрқашан қолдау білдіріп, ақыл-кеңесін беріп келеді. Сырымның ісіне сеніммен қарайды. Сондықтан оның жанында жүріп, шаруаның ыңғайын айтып отырады. Демек, «Әке көрген оқ жонар», — деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой, шіркін!

P.S. Жақсыкөл Ойыл ауданының Батыс Қазақстан облысымен шектесетін соңғы сағасы. Қаратөбе ауданымен іргелес жатқан екі аралықты Жақсыбай өзені бөліп жатыр. Кезінде төрт жылдық мектебі бар ауыл, қазір тек мал ұстап отырған шаруаларға қолайлы мекен болып отыр. Ондағы шаруа қожалықтар елді мекен ізінде қалған жергілікті тұрғындар. Қазір жастар ондай жерге бармақ түгілі ауданның іргесінде орналасқан ауылдарға тұрмай, ат-тонын ала қашады. Ал, біз арнайы тілдесіп қайтқан Сырым болса, «Туған жерде еңбек етуден асқан абыройлы қызмет жоқ», — дейді. 

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Жақсыкөл-Ойыл.

Басқа жаңалықтар