Білім

Цифрлық сауаттылық — бүгінгі заман талабы

Бәсекеге қабілетті ұрпақ дайындау, адамдардың мәлімет алмасуына, қарым-қатынасына ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың кеңінен қолданысқа еніп, жылдам дамып келе жатқан кезеңінде ақпараттық қоғамды қалыптастыру қажетті шартқа айналып отыр.  ХХІ ғасыр – техниканың озық дамыған ғасыры. Компьютер оқушы үшін қоршаған әлемді танудың табиғи құралы болып отыр. Келешек қоғамымыздың мүшелері - жастардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру қоғамның алдында тұрған ең басты міндет.

2022 жылдың қаңтар айынан бастап қазақстандық мектептерде бірінші сынып оқушылары цифрлық сауатын ашады. Бұған дейін білім алушыларға үшінші сыныптан бастап «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні оқытылған болса, үшінші тоқсанда оқу бағдарламасына алғаш рет «Цифрлық сауаттылық» пәні енгізіледі. Бұл оқулықтың атауы өзгертілгенімен, пән мазмұны мен оқу жұмысы жүктемесі өзгертілмеген. Пән 15 тақырыптан тұрады. Тақырыптарда компьютермен танысу, интернеттегі қауіпсіздік, алгоритмдер мен бағдарламалау негіздері, робот техникасы, сондай-ақ анимациялық бағдарлама, глоссарий да қамтылған. Осы орайда цифрлық сауаттылық пәні туралы Ойыл қазақ орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Мөлдір Ысымғалиеваға бірнеше сұрақтар қойған едік.
— Цифрлық сауаттылық пәні туралы жалпы түсінік беріп өтсеңіз?
— Оқу бағдарламасы сұраныс пен уақыт талаптарына сәйкес болуы тиіс. Бүгінгі таңда цифрлық әлемнің қарқынды дамып жатқанын көріп отырмыз. Қазір смартфондар мен компьютерлерді мектепке дейінгі кіші жастағы балалар пайдаланып жатады. Цифрлық сауаттылық — оқу мен жазу сияқты негізгі дағдылардың біріне айналып келеді. Цифрлық технология қоғам өміріне әсерін молынан тигізуде. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау мен білім беру, қала тіршілігі, жалпы адамның күнделікті өмірі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болуда. Расымен де, адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады.
— Цифрлық сауаттылық пәнін оқыту мақсаты?
— Жаңа ақпараттық технологияны пайдалану білім мазмұнын жаңартумен, ақпараттық ортаны қалыптастыруымен, сондай-ақ сапалы білім беру мүмкіндігінің жоғары болуымен ерекшеленеді. Соның ішінде оқыту үрдісі ақпараттық – коммуникациялық жағдайларда жаңа көрініс алу жолында басқаша жаңалаған жолмен ХХІ ғасыр талаптарына сай білгір, уақытты үнемдей алатын тұлғаны қалыптастыруға бағытталады. Білім саласындағы цифрландырудың ең басты мақсаты білім беру сапасын арттыру, яғни халықаралық дейгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде «жасанды интеллект» және «ауқымды деректер» жасау саласында бәсекеге қабілетті Ел жастарын дайындау болып табылады. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқыту мақсаты – білім алушыларды компьютер құрылғысы, ақпаратты ұсыну және өңдеу, интернет желісінде жұмыс істеу, есептік ойлау, робототехника мәселелері бойынша заманауи ақпараттық технологияларды практикада пайдалану үшін базалық біліммен, іскерлікпен және дағдылармен қамтамасыз ету.
Цифрлық сауаттылық пәнін оқытудағы негізгі талаптарға тоқталсаңыз.
— Ақпараттық коммуникациялық технологияны бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін дамытуға және оның мүмкіндіктерін әлемдік білімдік ортаға енудегі сабақтастыққа қолдану негізгі мәнге ие болып отыр.
Білім беруді ақпараттандыру, білім салаларының барлық қызметіне ақпараттық технологияны енгізу және ұлттық модельді қалыптастыру қазақстандық білім беруді сапалы деңгейге көтерудің алғы шарты.
Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскер әрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын педагогикалық, психологиялық жағдай жасау үшін де тигізер пайдасы аса мол.
Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің айтуынша, балаларды цифрлық сауаттылық және ақпараттық қауіпсіздік негіздеріне мүмкіндігінше ертерек үйрету маңызды. Өйткені бұл қазір — оқу мен жазу сияқты негізгі дағдылардың біріне айналып келеді. Сондықтан балаларды цифрлық сауаттылық және ақпараттық қауіпсіздік негіздеріне мүмкіндігінше ертерек үйрету маңызды.Жаңа пәнді оқыту барысында балалардың жас ерекшелігі ескеріледі.
-Мұғалімге қойылатын талаптар қандай?
— Ақпараттандыру технологиясы дамыған заманда мемлекетіміздің ықпал ету мұғалімнен шығармашылық ізденісті, үлкен сұранысты талап етеді. Компьютер және ақпараттық технологиялар арқылы жасалып жатқан оқыту процесі оқушының жаңаша ойлау қабілетін қалыптастырып, оларды  жүйелік байланыстар мен заңдылықтарды табуға итеріп, нәтижесінде – өздерінің кәсіби потенциалдарының қалыптасуына жол ашады. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар тек білім беруде ғана емес, өмірдің барлық саласында, бағыттарында белсенді қолданыста. Технологиялардың күн сайын дамып, өзгеріп отырғаны белгілі, сол себептен де жаңалықтардан қалмай, барлық білім, ғылым саласындағы тың ізденістер мен технологияларды біліп отыру қажет деп білемін.

 Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар