Білім

Бүгінгі жас ұрпақ — ертеңгі жаңа әлем

Ұрпақ тәрбиесі қашанда қоғамның өзекті мәселесі. Баланың ес біліп жан-жағын тани бастағаннан бастап, жас ерекшелігіне сай біліммен тәрбиені жас ұрпақ бойына сіңіретін ол - балабақша. Еліміздің тәуелсіздік жылдары білім саласында тың өзгерістер көп болды.

Соның бірі — 2011 жылы Ойыл селосында «Балапан» бағдарламасы аясында «Асанәлі» бөбекжай-бақшасы» ашылды. Ғимарат кең, жарық, заманауи үлгіде жабдықталды. Алғашқы жылдары 75 тәрбиеленуші, 11 педагог, 26 кіші қызметкерлермен қамтылып, 2011-2014 жылдар аралығында Бағила Базарбаева басшылық етті. 2014 жылдан бастап бөбекжай-балабақшаға жетекшілік етіп келемін. 2015 жылы қазан айында «Ертөстік санатория үлгісіндегі балалар бақшасы» «Асанәлі» балабақшасына қосылып, 21 педагог, 115 тәрбиеленушімен толықты. Болашақта өркениетті дамыған елдің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Халық даналығы «Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей» — дейді. Бүлдіршіндерді жан-жақты тәрбиелеу мақсатында балабақшада «Бала қиялы» атты шығармашылық бұрыш, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұлттық тәрбие бұрыштары жасақталды. Педагогтар жыл сайын біліктіліктерін арттырып, білімдерін жетілдіруде. Егеменді еліміздің тәуелсіздігінің арқасында, тәрбиеленушілермен, тәрбиешілер облыстық, республикалық жетістіктерге қол жеткізуде. Балабақша ән-би үйірмесімен жетіліп, әртүрлі жеңістерді бағындыруда. «Балалықтың қанына ойын азық», — дегендей, ойната жүріп, оқыту, білім беру мен тәрбиелеуді заман талабына сай ұйымдастыру арқылы ашық оқу қызметі мен ертеңгілік іс-шаралар өз деңгейінде өткізіледі. Педагогтар өз тәжірибелерін республика көлемінде таратып біліктіліктерін арттырды. Мәселен, өзім 2015 жылы Сочи қаласында өткен ІІ Халықаралық Мектепке дейінгі ұйым педагогтарының слетінде, 2014 жылы Көкшетеу қаласындағы І Қазақстандық «Жүрек жылуын балаларға береміз» атты слетте балабақшаның жұмыстарын кеңінен тараттым. 2017 жылы Нұрсұлтан қаласында тәрбиеші А.Ерішева ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Халықаралық конференцияда «Жаңа технологиялық әдіс — балабақшада» атты баяндама жасавп, өз тәжірибесімен бөлісіп, республикалық жинаққа енсе, 2019 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. 2018 жылы тәрбиеші А.Асылжанова Көкшетау қаласында өткен Республикалық семинарда ашық оқу қызметін жоғары деңгейде көрсетіп, «Үздік шығармашыл педагог» номинациясымен марапатталып, 2018 жылы ҚР Білім және Ғылым мектепке дейінгі және орта білім департаментінің Грамотасын иеленді. 2019 жылы Ақтау қаласында Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесі педагогтарының «Жүрек жылуын балаларға береміз» V Республикалық слеті аясында «Педагогикалық шығармашылықтың құпиялары» тақырыбы бойынша тәрбиеші А. Үсенғалиева I орынды иеленіп, марапатталды. 2020 жылы  «Самғау» әдістемелік Республикалық ғылыми-әдістемелік ұйымының ұйымдастыруымен «Асыл ұстаз» төсбелгісін Ж.Жолдаева, Н.Бермұқашева, А.Үсенғалиева, А.Қабиева, А.Баймурзиналар иеленді. 2020 жылы Музыка жетекшісі С.Таңатаровтың тәрбиеленушілері  «Ақтөбе дауысы» атты І облыстық сайыста топ жарып, тәрбиеленушілер А.Сағынтаев ІІ орынды, хореограф А.Медетованың жетекшілігімен Н.Нұрболұлы І орынды, Ә.Қанатбаев облыстық Абай оқуларында «Көркем сөз оқу» сайысында I орынды иеленіп, «Самғау» Республикалық журналында шықты.
«Мектеп жасына дейінгі балалардың тілінің дамуы, өзіне-өзі қызмет көрсетуі және жазуға дайындық дағдысын қалыптастыру» мақсатында емдеу-сауықтыру  тобы «Су-джок әдісін» қолға алып жұмыстануда.    2019 жылы балабақша «Үздік балабақша-2019» номинациясына ие болды. 2020 жылы ҚР білім, ғылым, мәдениет, өнер, тәрбие, әлеуметтану, экономика, әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы үздік қызметкерлердің «Таңдаулы тұлға» энциклопедиясына А.Ерішева, А.Үсенғалиева, Ж.Жолдаева, Ж.Ибағұлқызы енді. «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен  С.Танатаров, Д.Мергенова, А.Үсенгалиева, Ж.Жеделова марапатталса,   2020-2021 жылы Ақтөбе облысының білім басқармасының Құрмет грамотасымен Г.Медина, А.Асылжанова, С.Танатаровтар марапатталды.
Балабақшада  Республикалық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында балабақшаішілік жобалар ұйымдастырылды. Жоба аудандық балалар кітапханасының әдіскері Г.Каплиевамен, аудандық мұражайдың ғылыми қызметкері Д.Исабаевпен, облыстық ұлттық нақыштағы әшекей бұйым зергершісі  Қ.Тахановпен, биші Н.Тапалованың шәкірті Г.Сағыновамен және тәрбиеленушілердің ата-аналарымен бірлесе отырып  ұйымдастырылып жоғары деңгейде өтіп, өз мақсатына жетті. Тұңғыш балерина Н.Тапалованың өмірін, шығармашылығын зерттеу барысында «Сыр тұнған сиқырлы саусақтар» атты жоба қорғалды. Бүлдіршіндерге насихаттауда жасалған жұмыстардың куәсі болған «Жорға» би мектебінің директоры С.Сариев Ақтау қаласындағы республикалық «Заманмен заңғарланған Нұрсұлу» жобаға бізді кеш қонағы етіп шақырды. Жоба жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кеш қонақтары Алғыс хатпен марапатталды.
Бала дегеніміз — жан-жағына сәуле шашатын гаухар тас секілді. Біз оның ерекше қырын тауып, дамыта білуіміз керек. Сонда ғана ол жарқырап, жалынмен әлемді шарпитын алмас қылышқа айналады.

Әсел БИСЕБАЕВА,
«Асанәлі» бөбекжай-бақшасының» меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар