Білім
«Ұлт тілін ұлықтаған ақын»
Өткен аптада Ойыл аудандық орталық кітапханасының «Коворкинг» орталығында «Түнгі кітапхана» аясында Қазақстанның халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны Мұхтар Шахановтың 80 жасқа толуына орай «Ұлт тілін ұлықтаған ақын» атты әдеби сазды кеш өткізілді.
Ақын поэзиясына алтын арқау болған тақырыптардың ізгі махаббат, шынайы сүйіспеншілік. Жылулар мен жарықтардың арасын жалғап келген бір ән бар, — деп ақынның өзі жырлағандай, оның көп өлеңіне ән де шығарылған. Көпшілікке танымал ол әндердің сөзін жазған М.Шаханов екенін біле бермеуіміз де мүмкін. Бұл әндер: «Айналайын», «Гүлдәурен», «Өмір — өзен», «Кешікпей келем деп едің», «Ақ бантик», «Туған күн кешінде» және тағы басқа көпшілікке танымал әндер. Кешімізге ауданымыздағы «Балдырған» бөбекжай балабақшасының ұжымы қатыстырылды. Кеш барысында ақынның өмірі туралы айтылды және шығармаларының шығу тарихына шолу жасалды. Ақынның өлеңдерін балабақша директоры Мейрамгүл Қайырбекқызы өзі бастап оқып Ғабит Қайырғалиұлы, Роза Абатқызы, Айша Сағатқызы, білім бөлімінің әдіскері Әлия Рашқызы нақышына келтіріп оқып берді. Ақынның көпшілікке танымал әндері де жанды дауыста Аймекен Асылханқызы, Роза Абатқызы, Гүлназ Еламанқызы, екі дауыста Ғабит Қайырғалиұлы, Айнаш Тұрмұханқызы, зейнеткер кітапханамыздың тұрақты оқырманы Гауһар Байдуашева апамыз шырқата орындады. Сонымен қатар балабақша бүлдіршіндері Бекетқызы Аяулым, Құмарқызы Даяна, Бақытұлы Асылан ақынның өлең шумақтарын оқып бейнебаян арқылы жолдады. Кеш соңында «Ұлт мақтанышы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, ақынның «Қуаныш вальсі» әнімен аяқтады. Бала мен балаша жұмыс жасап жүрген жандардың, көркем әдебиетке деген ынта – ықыластарын көру біз үшін бір ғанибет.
Ару Телеу,
Ойыл аудандық орталық кітапханасының жасөспірімдер әдіскері.