ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Наурызнаманың онкүндігіне сәйкес, 20 наурыз ұлттық спорт түрлері ұлықталатын күн. Ойыл қазақ орта мектебінің ауласына киіз үй құрылып, ұлттық нақышта безендірілді. Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық телекоммуникация торабы, аудандық “Қазпочта” АҚ бөлімшесі қызметкерлері және А.Қойшығұлов, Көкжар, А.Иманов, Қ.Ержанов көшелерінің тұрғындары да белсенділік танытып, көже асты.

Мерекеге жиналған халық наурыз көжеден дәм татып, бауырсақтан ауыз тиіп, қазақ орта мектебі ұжымының «Төрлет, төл мереке әз Наурыз» атты концерттік бағдарламаларын тамашалады. Ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы мен татулығының белгісі іспетті ақ шаққан күйіз үй тігіліп, шашу шашылып, мерекенің сәнін келтірді. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев думанды шарада халықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірсе, Өтеген Сағатов еліміздің амандығын тілеп, бата берді. Аудан әкімімен бірге аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин, аудандық ардегерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов мерекеге орай құрылған киіз үйлерді аралап, тұрғындарға жылы лебіздерін арнады. Көше тұрғындарына молынан жайылған дастархан айран, сүт, қаймақ, қазы-қарта сынды ұлттық тағамдармен толықты.
Ал, Бақаев көшесіндегі футбол алаңында Көкжар, Н.Байғанин, Ә.Молдағұлова, Бақаев, Амангелді көшесінің тұрғындары «Балдырған» бөбекжай-балабақшасының ұжымы, аудандық ветеринариялық лабаратория ұжымымен бірге көше Наурыз мейрамын тойлады.
Бұл күні тұрғындар ұлттық ойын түрлерінен қол күрестіріп, арқан тартты.Енді бірі гір көтеріп, асық ойнап бақтарын сынады. Сондай-ақ, бәйге алаңында тай жарысы өтті. Жарысқа атбегілер аудан көлеміндегі бәйгелерге қатысып жүрген өз жүйріктерін үкілеп қосты. Бұл жолы он жеті жүйрік тай бәйгеге қосылды. Жарыстың нәтижесінде бірінші, екінші болып М.Рахатовтың тайы мәре сызығын кесіп өтсе, Н.Маратұлының тайы үшінші болып жетті. Жеңімпаздар демеушілердің қолдауымен ат әбзелдерімен марапатталды. Ұлыстың ұлы күніндегі ұлттық ойындар әрі қарай садақ, асық ату мен бес асықтан аудандық турнирге ұласты. Ш.Бекмұхамбетова мектеп-гимназиясында өткен жарысқа аудандағы мекеме қызметкерлері қатысты. Ал, тартысты ойынның қорытындысына келсек, асық атудан Н.Ешімов ІІІ орын, Н.Майлыбаев ІІ орын, Н.Мұқашев І орын, бес асық ойыны бойынша К.Егізбаева, Қ.Мұқашева ІІ орын, Ш.Болатова І орынға ие болды. Дәстүрлі садақ атудан командалық есеп бойынша ІІІ орынға Ш.Бекмұхамбетова мектеп-гимназиясы тұрақтаса, ІІ орынды «Көкжар» мешіті иеленді,ал І орын Ойыл кәсіптік колледжі жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімінің мақтау қағаздары мен медальдар табысталды. Осылайша бірлікті ту еткен, ауызбіршілігі жоғары аудан тұрғындары наурызды барлық сән-салтанатымен атап өтті.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

 

Басқа жаңалықтар