Әлеумет
«Жердің аты — тарихтың хаты»
Ойыл- ежелден қалыптасқан көне қала. Ойыл (Көкжар)- 1930 жылдан бері қарай Ойыл ауданының орталығы болып саналады.Ойыл- ертеде жібек жолы бойына орналасқандықтан керуен-керуен жүк өткен тарихи орын. Тарихын тереңнен алатын Ойыл топырағында ежелгі жер аттары сақталған. Ойыл 1918 жылы Алашордалықтарға облыс орталығы болған. 1921 жылы Орал облысынан бөлініп, құрамында 14 болысы бар аудан атанып, 1922 жылы тарап кетеді. 1927 жылы Адай уезіне біріктіріледі. Ал, 1928-1930 жылдары Алтықарасу ауданы атанған. 1930 жылдан Ақтөбе округіне, кейін облыс құрамына қарады. Ауданда Ойыл, Қиыл, Ащы Ойыл, Жақсыбай, Қуырдақты өзендері, Барқын құмдары, Жекенді, Құтыкөл, Тамдыкөл кішігірім көлдері, Құсмұрын, Қаражар, Қарауылтөбе, Қаратау, Орындықтау биіктері бар. Қарауылтөбе, Ақшатау шоқыларынан құрылыстық ақ бор алынады.
«Жердің аты — тарихтың хаты» демекші, әр елдің, әр халықтың өзіндік тарихы бар. Тарихи жерлердің ұмытылмай, ғасырдан-ғасырға ұлықталуы болашақ ұрпақтың міндеті болып қала береді. Өз кезегімізде Ойыл ауданының маңайындағы жер-су аттарына тоқталып өтпекпіз.
Самай — Самайқожаның атымен аталады. Көптоғайдан 40 км қашықтық, Көптоғай мен Қызылқоға ауданының шекарасында орналасқан. Самайқожа Ханқожаұлы (1800-1847) Сүйіншіқара батырдың ауылын үш мың қолмен түркімендер шауып, батырдың екі қызы Айсалқам, Жансалқам мұңын шағып адай мен таздың балаларына мынадай өлең жазып жіберген екен:
Барсаң сәлем айта бар сегіз арыс адайға,
Екінші сәлем айтайын құнан арыс шабайға
Үшінші сәлем айтайын Қаратаздың ішінде
Төремұрат, Өтен, Басықара, Бәкенге
Және де сәлем айтайын Хан қожасы Самайға.
Сол Самай таздың қожасы таздың Төремұрат,Өтен, Нарынбай батырлармен сөзге келіп қалып,
Қатулансам қара таз,
Қазаныңды қиратармын!- деген екен.
Соған таздың батырлары ашуланып Самайды келер жолын аңдумен болады. Бірде аңдушыларға жалғыз кездесіп қалып, Самайды қуады. Шұбарши елді мекені жағында «Самай Қарасу» деген жер бар. Қарасуға жете бергенде Төремұрат найзамен шаншиды. Найза тиген Самай Қарасуға құлайды. Самай өте үлкен денелі кісі екен. Оның майы суға ақтарылып түседі, судың бетін май алып кетеді. Батырлар сол судың үстімен жүз мың жылқы айдап өткізеді. Қожалар Қарасудан Самайдың тек бір бармағын ғана тауып алып бір төбеге апарып жерлейді. Басына шошақ там салады. Қорымда Самай қожаның құлаған тамы және бірнеше балбал тастар бар. Қожалар Қаратазды шербейге заңға тартып жеті мүшесіне жеті кісінің құнын алады. Самайдың баласы Тоқтар, Тоқтардың баласы Салтамақ қожа. Ол да Келдібайдың белді адамы болған. Кешегі 1931-1932 жылдары көп қазақпен бірге бәрі де ашаршылықтың құрбаны болып кеткен.
Алтыотау- Қаратал селосына жақын жер атауы. Кеңшар кезінде мал қыстағы болған. Қараталдан 16 км жерде. 1936-1938 жылдардағы Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтеріліске қатысушы Адай руының Тәзіке бөлімінің батыры Досақан Жәнібекұлы патшаға қарсы бас көтергені үшін 10 жыл Сібірге айдалады. Досақанмен достық қарым-қатынаста болған. Кете руының жұлдыз бөлімінің Орай балалары. Қамқорсыз қалған Досақан балаларын, әйелін паналатады. Оларға Ащы Ойыл бойынан алты отау тігіп, жер беріп қоныстандырып, алдарына мал салады. Жұлдыз-Кетелер мен Тәзіке Адайлар арасында жеті атаға дейін қыз алыспас ағайын болуға келіседі. Алғаш рет алты отау тігілген жер әлі «Алтыотау» деп аталады. Кейіннен Ойыл өзеніне шығыр салып егін еккен жерлерін «Адайқұлақ» деп атаған. Досақан батыр ұрпақтары Ақтөбе қаласында, Темір, Ойыл, Қобда аудандарында тұрады.
Дереккөз: Ақтөбе облысының топономикалық кеңістігі, Ақтөбе қаласы, 2007 жыл.