ӘкімдікБасты тақырып
Ойылға облыс әкімінің орынбасары келді
Өткен жексенбіде ауданымызға арнайы ат басын бұрған облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин Саралжын ауылдық округіне қарасты асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруашылықтарды аралады. Онда қысқы мал азығын даярлау сәтіне куә болып, ауыл шаруашылығына қатысты көптеген мәселелерді талқылады.
Асыл тұқымды қой шаруашылығымен айналысатын «Нұр-Асыл» шаруа қожалығында болып, шаруа қожалықтың төрағасы Аманғали Өмірғалимен арнайы тілдесті. Одан кейін он бір жылдан бері бау-бақшамен айналысып отырған жергілікті диқан «Спарта» шаруа қожалығына барды. Бүгінде 20 гектарға бау-бақша салып отырған шаруашылық төрағасы Спартак Төремұратовқа келер жылы өнімді мол алып, жұмыс күшін азайтуы үшін заманауи технологиялық әдіспен еңбектену керектігін атап өтті. Сонымен бірге ангус тұқымды ірі қара малын бағып отырған «Тәжібай-Агро» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Мұнда да мал басын көбейту жұмыстарын күшейту керектігін айтып, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен сыйақыларды тиімді пайдалануға тапсырма берді. Аталған шаруашылықтар кәсіптерін әлде де кеңейтіп, ет, сүт өнімдерін молынан өндіру жөнінде кеңес берді. Әсіресе ет экспортын арттырып, малдың санынан бұрын сапасына баса назар аудару керектігіне кеңірек тоқталды. Әрине ауыл шаруашылығы ауданында мал өсіруге ұмтылушылар көп. Алайда экспортқа сапалы өнім шығару кенже қалып отыр. Сондықтан әр шаруашылық нәтижелі жұмыс жасауы қажет. Осы орайда атқарылған жұмыстар бойынша кеңірек мәлімет берген аудан әкімі Асқар Қазыбаев алдағы уақытта атқарылатын межелі жұмыстар бойынша жоспарымен бөлісті. Сонымен бірге аудандық жер бөлімі, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшылары нақты атқарылып жатқан жұмыстар бойынша тоқталып, суармалы, шабындықтар мен егінді алқаптағы табиғи өзгеріс салдарынан туындайтын кейбір мәселелер бойынша ойларын еркін жеткізді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Саралжын-Ойыл.