Әкімдік
Былтырғы біраз тілек орындалды, тек жол қалып тұр…
Көсембай ауылының тұрғындарымен кездескен Қайыңды ауылдық округінің әкімі Ырғызбай Қосдәулетов 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын басты міндеттеріне тоқталып өтті. Ауданнан арнайы барған «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин алдағы жылда болғалы жатқан реформалар мен өзгерістерді кеңінен түсіндірді.
Ауыл әкімі есеп беру кезінде бірсыпыра мәселелерге тоқталды. Шағын және орта бизнесті одан әрі қолдауға шақырды. Сонымен бірге ауылда мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен орындалуда. Атап айтқанда, шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2021 жылы ауылдық округте жаңадан 1 шаруа қожалық, 9 кәсіпкер өз жұмысын бастаған. Алдағы уақытта ауыл әкімі ауылдың санитарлық-тазалық жұмыстарын одан әрі жақсарту, елді мекендерді көгалдандыру және көшелерді жарықтандыру жұмыстары мен мемлекеттік бағдарламаларды округ тұрғындарына түсіндіре отырып жеке кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықтың деңгейін төмендетуге нақты іс-шаралар атқаруды мақсат етіп қойғандығын атады.
Өткен жылғы есеп беру кездесулерінде айтылған мәселелер бойынша шағын футбол алаңы мен хоккей корты салынып, пайдалануға берілген және атқарылатын жұмыстар бар екенін ескертті. Ауылдың көшелері жарық шамдарымен толыққан. Әкімге кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол қатынасы, жолаушылар тасымалына байланысты, электр қуатының ауылдың кейбір бөлігінде төмендігі туралы сауалдар қойылды. Мәселен, қазіргі уақытта тұрғындарды бұралқы иттердің көбейіп кетуі алаңдатып отыр.
Ойыл ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Аралбай Жолдыбаев атаулы әлеуметтік көмекті төлеудің жаңа форматы, қайтарымсыз грант жөнінде түсіндірсе, Ақтөбе облысы ветеринариялық басқармасы Ойыл аудандық филиалы бас маманы Арсланбек Алдияров тұрғындарға ит-мысықтарды ұстау-бағу, аулау тәртіптерін түсіндірді.
Кездесу соңында мекеме басшылары бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жағдайымен және жүргізіліп жатқан жұмыстарының барысымен танысты.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Көсембай-Ойыл.