ӘкімдікБасты тақырып
«AMANAT»-тың атқаратын міндеттері ауқымды
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі болып, саяси партия атауы «AMANAT» деп өзгертілген болатын.
Осы орайда аудан әкімдігінде «AMANAT» партиясының Ойыл аудандық филиалының актив отырысы өтті. Отырысқа филиалдың саяси кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, партия белсенділері, жастар қатысып, аудан әкімі, партия төрағасы Асқар Қайырғалиұлы төрағалық етті. Күн тәртібінде «AMANAT»партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінің шешімдерін орындаудағы Ойыл аудандық филиалының міндеттері қаралды.
— Мемлекет басшысы, партия төрағасы елді одан әрі жаңғырту жолындағы жұмысында партия мүшелеріне сенім артатынын баса айтты.
Аудан басшысы А.Қазыбаев өңірде алдымызға қойған үлкен міндеттер мен мақсаттарды орындау үшін жүзеге асырылатын шараларды анықтау қажет екендігін атап өтті.
Жиында баяндама жасаған партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин партияны жаңғыртудың 7 басымдығы мен оны жүзеге асыру барысы туралы айтты.
«Біздің бүгінгі партиямыздың атауы республикада тіркелді. Ата-бабамыздан келе жатқан аманатымыз бізге Аманат жүгі болып артылды. Ал партия мүшелеріне «Аманатқа қиянат жасамайық»-деп Еркін Жиеналин съезде берілген тапсырмалардың аудандық деңгейде қалай орындалатынын жіктеп айтып берді.
— Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев фракция жұмысын жандандыруды және партия өз электоратынан алшақтамау үшін қоғамдық қабылдау қызметін жаңа деңгейге шығарудың маңызы зор екенін айтты. Осы ретте, қоғамдық қабылдауды тек кабинеттерде ғана шектемей, фракция мүшелері мен Саяси кеңес мүшелерін қатыстыра отырып, шалғай елді мекендерде көшпелі қабылдаулар өткізу ұйымдастырылатыны жөнінде сөз етілді.
Өз кезегінде сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов партия атауының өзгеруі — заман талабы екендігін айтып, әрқашан партиямен бірге екендігін жеткізді. Ал аудандық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Дәулетқалиев жастардың жаңа міндеттерді орындауға әрқашан дайын екендігін тілге тиек етті. Жиын барасында аудан әкімі барша партияластарды жүйелі жұмыстар жүргізу арқылы мемлекет мүддесіне қызмет ету, халық тұрмысын жақсартуға күш салуға, осы мақсат жолында Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын толықтай жүзеге асыруда қолдау көрсетуге шақырды.
Сондай-ақ, аудандық филиал төрағасы қоғамдық кеңестер төрағалары мен БПҰ төрағаларына тығыз байланыста жұмыс істеп, тұрғындардың өзекті мәселелерін бірлесіп шешуді, шалғай елді мекендерде көшпелі қабылдаулар ұйымдастырып, халық үнін естуді, азаматтарды жиірек қабылдауды, партиялық бақылауды күшейтуді, партияның сайлауалды бағдарламасының жол картасы орындалуын талдауды тапсырды.