ӘкімдікБасты тақырыпЭкономика
Көңілден шыққан істер көп
Ойыл ауданында облыс әкімдігінің көшпелі отырысы өтті. Көшпелі кеңеске келген өңір басшысы Бердібек Сапарбаев алдымен аудандағы өткен жылы асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсіруді қолға алған шаруашылықтарға арнайы барды. Сондай-ақ, былтыр «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен Ойылдағы психологиялық-педагогикалық түзетім кабинетінің жұмысымен танысып, Ойыл аграрлық колледжіндегі Шығанақ Берсиев атындағы мектептің ашылу салтанатына қатысты.
Елбасының ет экспортын арттыруға ойылдық шаруалардың да қосар үлесі жыл санап көбейіп келеді. Алдағы уақытта да арта береді. Оған толық негіз де бар. Өйткені, қазір шаруашылықтар малдың санынан сапасына баса назар аударып отыр. Әсіресе, етті бағыттағы мал өсіруге ұмтылушылар көп. Мәселен, былтырдың өзінде бір ғана Саралжын ауылдық округінде екі асыл тұқымды шаруашылық ашылды.
Саралжын ауылдық округіндегі Сорқуыс қыстағына қоныс тепкен «Айтан» шаруа қожалығы «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы өткен жылы 146 миллион теңге алыпты. Оған Ақмола облысының Атбасар ауданынан асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырының 120 бас қашарын әкеліпті. Ал бірінші класты аталықтарды Солтүстік Қазақстан облысынан сатып алыпты. Біздің бес жасар өгізге таңдық қашарлардың күйі жақсы. Алдымен осы шаруашылыққа ат басын тіреген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шаруашылық басшысының алдағы жоспарларымен танысты. Шаруашылық егесі Ерлан Жәнібекұлы биыл тағы да сексен бас қашар әкелмек. Сөйтіп, өз төлі есебінен мал басын алдағы үш жылда төрт жүзге жеткізіп, экспортқа сапалы өнім шығаруды көздейді. Ал, одан кейін Бердібек Мәшбекұлы «Актеп» ЖШС-нен 100 бас «Ангус» асыл тұқымды ірі қараны жалға алған «Тәжібай-Агро» ЖШС-не барды. Жұмысын жаңадан бастаған шаруашылықтардың материалдық техникалық базасы заман талабына сай жасақталған. Жергілікті жердің азаматтарын жұмыспен қамтып отырған бұл шаруашылықтар алдағы уақытта асыл тұқымды мал басын көбейтуге ниетті. Серіктестік директоры Абыл Сатай қазір Алматы қаласында тұрады. Негізі осы өңірдің тумасы. «Актептің» бағдарламасы ойынан шыққанын айтқан ол да алысқа көз тастап отыр. Яғни, жыл сайын төлдің қырық пайызын «Актепке» қайтарып отырады. Оларды он екі ай бағып береді. Қалған төл өзінің еншісінде. Биыл тағы екі жүз басқа арнап баз салғалы отыр. Демек, көңілге қонған бағдарлама еңбектің дәмін білген жігіттің «оң жамбасына келіп тұр». Сондықтан облыс басшысы Абылға ауданда «Актептің» жұмысын жалғастырушы «оператор» болуды ұсынды. Ол үшін алдымен мал басын көбейтіп алу керек.
Сапары барысында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен Ойылдағы психологиялық-педагогикалық түзетім кабинетіне барған облыс басшысы ондағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту бағытындағы игілікті істерге куә болып, ата-аналармен сұхбаттасты. Тілінің мүкісі бар немересін түзетім кабинетіне әкеліп жүрген Ақзия әже өз сөзін ел ағаларына алғысымен ұштастырды. Өйткені, немересінің өлең жаттап, қатарына қысылмай жүргеніне қуанышты. «Өмір болғасын әртүрлі тағдыр иесі болады. Оларды ортаға тарту — біздің міндет. Сіздердің қызметтеріңіз ең сауапты іс. Мейірім мен жылы қабақтың өзі баланың жанын жадыратады» — деген Бердібек Мәшбекұлы түзетім кабинетінің еңбек ұжымына алғысын айтты.
Одан кейін облыс әкімі Ойыл аграрлық колледжі жанынан атақты диқаншы Шығанақ Берсиевтің мектебінің ашылу салтанатына арнайы қатысты. Онда суармалы егіншілікті дамыту керектігін жеткізіп, тары өсірушілердің санын көбейтіп, ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін пайдаланыпу арқылы «ақылды технологияны» енгізу керектігін баса айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта Ш.Берсиевке арналған ғимарат салып, оның жартысы музей болса, жартысынан мектеп ашатындығын, оған осы бастан жұмыстана беру керектігіне тоқталды. Сапарбаев сөзінің соңында біздің өңірде тер төгіп, рекордшылар кітабына енген әйгілі тарышының еңбегін тірілтіп, егіс егу жұмыстарын жыл сайын жандандырып отыруға белсенділік танытуды тапсырды. Ауданымызда атақты диқаншының ізін жалғап, егін егуді қолға алып жүрген еңбек ардагері Ғазиз Займолда осы саланы дамыту үшін әлі де еңбектеніп, шәкірт даярлау жұмыстарын ұйымдастыруды тоқтатпайтындығын үлкен мақтанышпен атап өтті. Ал, жерлесіміз Арыстан Аймағамбетов қол еңбегінің арқасында әлемге танылған дала академигінің құрметіне облыстың көрнекі көшесі мен белді бір оқу орнына Шығанақ Берсиевтің атағы берілсе деген тілегін жеткізді. Сонымен бірге, көршілес Темір ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев алдағы уақытта атақты диқаншының мұражайына қойылса деген ниетпен Шығанақ атамыздың тұлғасы бейнеленген естелік сыйлықтарын табыстады.
Ал, облыстың барлық аудандарына селекторлық режимде өткен көшпелі кеңесте төрт мәселе тыңдалды. Алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Олжас Смағұлов биылғы жылдың алғашқы айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баяндады. Баяндамадан соң көрсеткіштері төмен сала басшылары өз дәйектерін ұсынды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева «Төртінші деңгейлі дербес бюджетін енгізу туралы» баяндап, кейбір аудандардың кемшілігін тура айтты. Ал, күн тәртібіндегі үшінші мәселе – Ойыл ауданында бүгінгі күні өзекті әңгіменің арқауы болып тұр. Яғни, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев облыс бойынша ветеринариялық қызмет саласының жай-күйі және ветеринариялық-санитарлық бақылауды қамтамасыз етубойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндаса, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық техникалық университетінің биотехнолог, профессор, доценті Гайса Абсатиров сарып ауруының салдары туралы толық түсіндірді.
Ал, Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева өткен жылдың жемісін саралап, алдағы міндеттер туралы баяндады. Әрине, аудандағы шаруашылықтардың асыл тұқымды мал өсіруге құлшынысы көңіл қуантады. Дегенмен, кейбір салада төмен көрсеткіштердің барлығын жасырмаған аудан басшысы олқылықтардың орнын толтырудың жолдары қарастырылып жатырғанын жасырмады. Ауылға жұмысшы мамандар тарту туралы өз жобаларын ұсынды.
Көшпелі кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алғашқы айдың қорытындысы туралы сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.