Әкімдік
ОЙЫЛ АРНАСЫНАН АСТЫ, АХУАЛ ТОЛЫҚ БАҚЫЛАУДА БОЛДЫ!
Өткен аптада ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаттары Ғалымжан Елеуов, Аманғали Бердалин және Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер жерлесіміз Талғат Салфиков пен «AMANAT» партиясы, Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов арнайы келді. Онда алдымен Саралжын ауылдық округінде болып, округ аумағындағы Орта-Қиыл-Тассай су жүйесін бақылады. Қазіргі таңда округ бойынша 5600 гектар лиманды жерге су шығып отыр. Былтырғы жылы жөндеуден өткен су жүйелері қазір тасқын суды ұстауға әбден жарап тұр. Аталған топ өкілдері әрі қарай Ойыл ауылдық округіне қарасты Екпетал елді мекенінің су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Осыдан бір күн бұрын өзеннің тасу деңгейін зерттеп, жергілікті билік өкілдері ахуалды толық бақылауға алған болатын. Сонымен қатар төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында Екпетал елді мекені аумағындағы малдарды шығарып, ауыл тұрғындарын эвакуациялады. Айта кетсек, Екпетал суға кету қауіпі бар елді мекендердің алдыңғы легінде болғанымен әзірге тасқын суды ауыздықтап отыр. Бұл жөнінде аудан әкімі Асқар Қазыбаев жан-жақты мәлімет берді.
Одан кейін Ш.Берсиев ауылдық округінің орталығы Қаратал ауылында болып, лиманды алқаптарға су шығару, өзеннің көршілес Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарай шығатын бағытын тиянақты қарап шықты.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Саралжын-Екпетал-Берсиев-Ойыл.