Әкімдік

Жақсылыққа жаршы болар жұмыс көп

Өткен аптада Ойыл ауданына облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысы алдымен Қайыңды ауылына кіреберіс жолдың жайымен танысты. Аудандағы ең қашық округ саналатын Қайыңдыға барар жол Ойыл-Қобда тас жолынан 27 шақырым жерде орналасқан. Бұған дейін жол қатынасының қиындығын бірнеше жыл бойы көтеріп келген қайыңдылықтардың тілегі биыл жүзеге асатын болды. Себебі облыс әкімі 12 айға жоспарланған жол құрылысын биыл бітіруді тапсырды. Құрылыс мердігері «Ақпан-2030» ЖШС салып жатқан жолдың жобалық орташа жөндеу құны  — 721,1 миллион теңге. Биыл 440,9 миллион теңге бөлінген.

— Жұмысты келесі жылға қалдырудың қажеті жоқ. Тұрғындар алдағы қыста жолдан қиындық көрмесін. Барлық қаржының биыл берілуін бақылауға аламын. Жолды уақытында әрі сапалы аяқталуын қадағалаңдар. Құрылыс материалдарын қазірден бастап ала беріңдер. Әсіресе битум тапшы болмасын. Өйткені көбі тамыз айына дейін созып жүреді де, битумды сол кезде іздейді. Ал ол уақытта бір мезгілде сатып алушылар көп болғасын жетіспеушілік басталып, соған бола жол құрылысы кешеуілдейді, — деген облыс басшысы аудан әкімі Асқар Қазыбаев пен мердігерлерге осы жайды ескертті.

Одан кейін   Саралжын ауылдық округіне қарасты Қоңырат елді мекенінде орналасқан «Тәжібай АГРО» ЖШС-не барған облыс басшысы жер жырту науқанының үстінен шықты. 2016 жылдан бері асыл тұқымды ангус сиырын өсірумен айналысатын серіктестік биыл бірінші рет жерге тұқым сепкелі отыр. Мал санын 700-ге жеткізген серіктестік 200 гектар жерге арпа, судан, сорго өсімдігін егуді бастады. Биыл тәжірибе ретінде аз ғана жерге мал азығын егуді бастаған серіктестік алдағы жылдары егістік алқабын көбейтпек.

— Бірнеше жылдан бері Ойыл ауданы егіс егуден кенжелеп, тіпті бұл шаруа үзіліп қалғандай еді. Бұл көрініс мені қуантып отыр. Тұрақтылық деген осы. Қазір даланың шөбіне сеніп отыра беруге болмайды. Техникалар да жаңарған. Қазір механизаторлар да ескі техникаға мінгісі келмейді. Жаңа техника еңбекті ақтайды, — деді облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы.

Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округінің орталығы Қараталда болған жиында облыс әкімі тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

— Біздің басты мақсатымыз — ауылдық жерлерден халықтың көшіп кетуін болдырмау. Ол үшін ауылдарға инженерлік инфрақұрылым жүргізіп,  жолдар салып жатырмыз. Халықтың ауылда жайлы өмір сүруге, ауылшаруашылығымен, малшаруашылығымен айналысуға мүмкіндігі болуы тиіс. Өткен жылы ауылдарыңызға газ келген кездегі қуаныштарыңызды көрдім. Қазіргі мәселе жайылым болып отыр. Ауылда мал өсірген жақсы. Ол — сіздердің негізгі табыстарыңыз. Бірақ жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтарының арасындағы дау көңілге қаяу түсіреді. Мәселені ашуға салмай, ақылмен шешіңіздер. Аудан әкімдеріне жеке тұрғындардың малы жайылатын өрісті кеңейтуді тапсырдым. Ал ауыл айналасындағы өрісті сақтау өздеріңе байланысты. Жағдайды түсініп, ауылға жақын орналасқан кейбір шаруа қожалықтары өрісін ауыстырған екен. Жеке тұрғындар да ауызбіршілік танытып, бірлесе шешуі керек. Жер дауы, өріске таласып, бір-бірінің үстінен арыз жазып, сотқа беріп жатқандар, өкінішке қарай, көбейіп барады. Бұл мәселені өздеріңіз ағайындықпен, сыйластықпен реттесеңіздер дұрыс болар еді, — деген облыс басшысы кездесулерде көтерілген тұрғындардың сұрақтары аяқсыз қалмайтынын жеткізді.

Аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың айтуынша, биыл жеке тұрғындардың малына арналған жайылымдық жер 30 мың гектарға  кеңеймек.
Сапар соңында облыс әкімі «Тамдыкөл» суландыру жүйесіне барды. Мұндағы су реттегіш арқылы лиманды алқаптарды суландыру жұмысымен танысты.

 

Басқа жаңалықтар