Әлеумет

Тағылымды тағзым!

ҰЛЫ ДАЛА ТӨСІНДЕ ҚАЙМАНА ҚАЗАҚТЫҢ АЗАТ ЕЛ БОЛУЫН АҢСАП КЕТКЕН БАБАЛАРДЫҢ АСҚАҚ АРМАНЫ ҒАСЫРЛАР ЖАДЫНДА ЖАҢҒЫРЫП ТҰР. ЖАУГЕРШІЛІК ЗАМАННАН БАСТАП, КӨШПЕНДІ ЕЛДІҢ КӨКСЕГЕНІ КЕЙІНГІ ҰРПАҚТЫҢ ТӘУЕЛСІЗ ӨМІР СҮРУІНЕ ЖАРҚЫРАҒАН ЖОЛ АШУ ЕДІ. СОЛ ҮШІНДЕ ҚАНЫН ТӨГІП, ЖАНЫН ҚҰРБАН ЕТТІ. МҰНЫҢ БӘРІ САРҒАЙҒАН ТАРИХ БЕТІНДЕ ҚАДАЛҒАН ҚАНЖАРДАЙ ЖАЗЫЛЫП-АҚ ТҰР. ӘЙТСЕ ДЕ БҰРМАЛАНҒАН КӘРІ ТАРИХТЫҢ БІЗГЕ БАТЫРДЫ БАНДЫ ДЕГЕН КЕЗДЕРІ ДЕ ҺӘМ ШЫНДЫҚ ЕДІ. СОЛАРДЫҢ БІРІ ДЕ, БІРЕГЕЙІ ЕЛ ІШІНДЕ ЖАЛҒЫЗ ЖОРЫТЫП, ЖАУҒА БАСЫН БЕРМЕЙ ӘДІЛДІК ЖОЛЫНДА КҮРЕСКЕН ҚҰНЫСКЕРЕЙ ҚОЖАХМЕТҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА БИЫЛ 125 ЖЫЛ ТОЛДЫ.

Осы орайда көршілес Атырау облысы, Қызылқоға ауданында саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандары және Құныскерей Қожахметұлының атындағы саябақ ашылды. Бұл Атырау облысындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналып ашылған ең алғашқы саябақ.

Саябақтың лентасын сазгер, жазушы, публицист, музыкатанушы, суретші Илья Жақанов, саяси қуғын-сүргін құрбандарынының ұрпағы Айман Тасжанова, батыр бабамыздың ұрпағы Қыдырбай Қожахметов, еңбек ардагері Мыңбай Жарылқағанов қиды. Құныскерей Қожахметұлы 1895-1965 жылдары өмір сүрген. Ел арасында батыр, саясаткер, мерген, сөзсіз әділдігімен, палуандығымен белді болған. Ысық руынан шыққан ардақты азаматтың есімін ұлықтауды ұрпақтары парыз санады. Қасиетті орынның құрылысы жеке қаражат есебінен яғни, тарихи тұлға ретінде демеушілік есебінен салынды. 500-ге жуық ел азаматтары ат салысып, 30 миллион теңгеге жуық қаражат жиналған. Осындай игі іске мұрындық болып, шаруаның басы-қасында жүрген Марат Жұмағұлов ағамыздың еңбегін айтып өтпеске болмайды.

Айтулы шара «Құныскерей Қожахметұлы және саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: Тарихы мен тағлымы» атты ғылыми практикалық конференцияға ұласты. Философтар мен тарихшылар Құныскерей тағлымы, Қызылқоға аймағындағы қуғын-сүргін құрбандары, Қазақстанның батыс өңіріндегі аштық себебі мен зардабы және өзге де тақырыптар бойынша баяндамалар жасады. Нәубет жылдары Қызылқоға өңірінде 112 адам репрессияға ұшыраған. Атап өтсек, республикалық ғылыми конференцияға философия ғылымдарының докторы, профессор, әлеуметтік ғылымдар акдемиясының академигі Алтай Тайжанов, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің аға оқытушысы, тарихшы, шежіретанушы Марат Жұмағалиев, тарих ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамбедов атындағы Атырау университетінің профессоры Аққали Ахметов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Қоғамдық ғылымдар академиясының толық мүшесі Ғизатулла Халидуллин, тарих ғылымының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Болат Жұмағұлов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Барсаева қатысты. Құныскерей атамыздың аңыз болып жеткен ерліктерінен тарихи деректер келтіріп, бүгінгі буынға жаңа қырынан паш етті. Сонымен қатар ақ сұңқарды қанатынан қайырған, ерді елінен айырған 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кесірінен жапа шеккен тарихи тұлғалар жайында жан-жақты тың деректер айтылды. Құныскерей Қожахметұлының жүлдесі үшін қазақ күресінен батыс аймақтық «Түйе палуан» турнирімен жалғасты.

P.S. Құныскерей рухына тағзым еткен ойылдық рулас, рухтас бірқатар азаматтар Қызылқоға ауданына арнайы барып, батырдың еске алу шарасына қатысып келді. Арнаулы топтың құрамында болған ойылдық суретші Мұрат Бақтыгереев Құныскерей бабасының бейнесін салып, Қызылқоға ауданының мұражайына табыстады. Бір рулы елдің ғана емес, бар қазақтың батырына айналған тұлғаның ерлігін ұлықтау, ұрпақ жадында сақтау мақсатында бізде тарихи сәтке куә болып қайттық.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Миялы-Ойыл.

 Құныскерей бар қазақтың батыры!

Өлең-өрнек, өртеп бойда қоздаған,
Боз далада боз інгендей боздағам.
Тұран дала тіл қатпайды тұншығып,
Тарих, таңба көңіл шерін қозғаған.

Советтіктер қаншама ерді сүрді аттан,
Алашыма алып келді зіл-батпан.
Құныскерей тарихынан талайға,
Тайсойғанның түйір құмы тіл қатқан.

Ұры деді ұлтын сүйген ұлдарын,
Қуғын-сүргін қолдан жасап жылдарын.
Ақиқаттан адастырмай Һақ Тәңір,
Жалғандықтың бетін ашып тұр бәрін.

Айтылғанда бабаң болған банды деп,
Жүретұғын жалған сөздер жанды жеп.
Қара халық зарын естіп, заңғарым,
Қапияда қайтарғансың қанды кек…

Шайқалмасын деп ұлтымның шатыры,
Айтты шығып әр қазақтың дат ұлы.
Жалғыз жүріп жауға басын бермеген,,
Құныскерей бар қазақтың батыры!

Аңыз болған батырлығы, әр ісі,
Жығылмады жау алдында намысы.
Еске алып, салынған бұл саябақ,
Құныскерей батыр баба дабысы.

Еске алады ұрпақтарың әлі мың,
Қайран жұртым ұмытпайды нар ұлын.
Туған елдің тарихында қалғанмен,
Туған жерге сыймай кеткен алыбым.
Муса Әділбайұлы.

Басқа жаңалықтар