Басты тақырып

«Кәсібіңе басымды ием!»

Жаздың жайма шуақ күндерінде аталып өтетін мерекелер аз емес. Соның бірі – медицина қызметкер­лерінің күні. Маусым айының үшінші жексенбісі – елімізде медицина қызметкер­лерінің кәсіби мерекесі дәстүрлі түрде аталып өтеді. Медицина қызметкерлер күні - бұл барлық ғұмырын алғысқа, лайықты істерге – өзге адамдардың денсаулығы мен өмірлеріне қамқор болуға арнаған жандардың еңбектері еленетін күн. 

Биыл да аудандық мәдениет үйіне жиналған медицина қызметкерлері салтанатты шараның куәсі болды. Ақ халатты абзал жандарға арналған кеш шымылдығы дәрігерлердің жанкешті қызметіне арналған бейнероликпен ашылды. Мерекелік шараға қатысқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев дәрігерлерді төл мерекесімен құттықтап, халықтың денсаулығын сақтауда еңбек етіп жүрген Ойыл аудандық ауруханасының бас есепшісі Жанаргүл Есенғарина, Жекенді дәрігерлік амбулаториясының фельдшері Гүлсара Мусина, акушер-гинеколог дәрігер Тұрсынхан Жайықбаева, психолог маман Айгүл Майлыбаева, Саралжын дәрігерлік амбулаториясының зертханашысы Гүлзада Өмірғалиева, окулист кабинетінің мейірбикесі Клара Бейісоваларды алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар аудандық аурухананың хирург дәрігерлері Бағдат Көптілеу мен Дәулет Салинге «Тұрғын үй жинақ банктегі» есепшотына аудару үшін 50 мың теңгелік сертификатын табыстады. Медицина саласындағы қажырлы еңбегі үшін Ойыл аудандық ауруханасының невропатолог дәрігері Айбек Асылбеков пен жалпы тәжірибе дәрігері Эра Базарова «Асыл дәрігер» медалімен марапатталды. Әрі қарай «Шарапат» медициналық қызметкерлер, тәуелсіз сарапшылар және денсаулық сақтау саласындағы ардагерлер Ассоциациясы Ақтөбе облыстық қоғамдық бірлестігінің төрайымының Алғыс хатымен аудандық аурухананың невропатолог дәрігері Әйгерім Хасенова, Саралжын дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Жұмагүл Теміралина марапатталды. Ал, аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев медицина саласының әртүрлі буынында еңбек ететін бірнеше қызметкерге кәсіподақ ұйымының құрмет грамотасын, өз атынын алғыс хаттарын табыстады. Сонымен қатар, бас дәрігер ән-бимен алмасқан марапатты сәтте аудандық орталық аурухананың медицина қызметкері 60 зейнеткерлік жасқа толып отырған Фарида Есқалиеваға естелік сыйлығын табыс етті. Сондай-ақ аудандағы бірқатар мекеме басшыларының атынан да алғыс хаттар берілді.

Салтанатты жиын соңы мерекелік бағдарламаға ұласты.
Аудан өнерпаздары мен аурухана ұжымының жастары мереке иелеріне өз өнерлерін көрсетіп, ән шашуларын тарту етті.

Г.АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар