Басты тақырып
«ШАШУДЫҢ» ОЙЫЛДАҒЫ КОНЦЕРТІ
Ұлттық домбыра күніне орай орталық саябақта «Шашу» халықтық отбасылық ансамблінің, яғни Жетесовтер әулетінің шығармашылық концерті өтті. Ансамбль жетекшісі- «Шапағат» медалінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Амангүл Ешпанова.
Батыр ата-аналар Өмірхан мен Амангүл өздерінің үш баласымен қоса 18 баланы өзге ұлт өкілдерінен де бар, бауырларына басып, төл өнерімізбен сусындатып, ерекше қамқорлық пен мейірімділік таныта отырып, оларды музыка мен өнерге баулып отыр. Өздерінің орындау шеберлігімен халықтың жүрегінен орын тауып жүрген ансамбль осы уақытқа дейін облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып жүр.
Ансамбль мүшелері домбыра мен қобыздан басқа, қазақтың шертер, жетіген, шаңқобыз, асатаяқ, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, дауылпаз, тұяқтас сынды басқа да аспаптарында ойнайды. «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі фольклорлық туындыларымен қатар, халық әндерін айтып, күйлерін тартып, қазақстандық композиторлардың шығармаларын да насихаттап келеді.
Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, халықтың жүрегінен орын тапқан, әсем әндерімен қуантып жүрген халықтық отбасылық ансамбльге аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың құттықтау хатын табыстады. Аудан тұрғындары ұлттық өнер мен отбасы құндылығын ұлықтаған «Шашу» ансамблінің өнеріне ризашылықтарын білдіріп, рухты әндермен сусындады.