Басты тақырып
ВЕЛОСИПЕДПЕН ЕЛ ТАРИХЫН НАСИХАТТАУШЫ
Қазіргі бейбітшілік заманда әлемді шарлаудың түрлі әдістері бар. Саяхатқа көпшілігі ұшақпен, пойызбен, көлікпен шығып, велосаяхаттың артықшылығын біле бермейді. «Қос дөңгелекті темір көлікпен түрлі қыр-төбе, таулардан өту, ауа-райының қолайсыздығы, түнгі уақытта бейтаныс жерде шатыр тігіп, түнеу - бұның барлығы қиын болып көрінгенмен, үйреніп кетуге болатын жайттар. Адам қиындықтарға төтеп беріп, шыңдалады, өз-өзін тәрбиелейді» - дейді, біздің кейіпкер.
Адамзат өмірінде спорттың маңыздылығын ұғындырумен қатар елдің тарихын насихаттаушы Рашид Ахметжанов атамыз Ойыл өңіріне келді. Ойыл ауданында 1955 жылы дүниеге келген, қазіргі таңда Ақтөбе қаласының тұрғыны Рашид Ахметжанов Ақтөбе облысының аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді велосипедпен аралауды мақсат тұтқан. Ақтөбе қаласынан басталған саяхат алдымен Қобда ауданына бағытталған. Велосаяхатшы Қобда ауданының Жиренқопа ауылында орналасқан Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне барып, тарихымен танысқан. Әрі қарай туған жерге жол тартып, ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев ауылына келіп, сынықшы Сүлеймен Қарабалаұлының түнек үйінің шырақшысы Саламат Шаңғалаұлымен бірге ата аруағына арнап, құран бағыштайды. Келесі күні ауданға келіп, музей жанынан құралған өлкетанушылар клубының мүшесі Мәлік Мәмедовпен кездеседі. Елге деген сағынышын басқан азамат туған жерінің тарихи ғимараттарымен танысып, Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарлары, Ойылдың тарихи-мәдени орындарын аралады.
67 жасқа келген елдің тарихын насихаттаушы күннің ыстығы, жаңбыр мен жел өзіне кедергі келтірмейтінін айтады. Ауа-райына байланысты барлық жағдайы жасалған. Сапарға өзімен бірге азық-түлік, дәрі-дәрмек және жолға қажетті құрал-жабдықтарын алған. Екі дөңгелекті серігі спорттық үлгіде, аяғына артық күш түсірмейтін асфальтқа арналған.
Ойыл музейінің ғылыми қызметкері Дулат Исабаев Рашид атамызды аудан басынан қарсы алып, музей қорындағы тарихи ескерткіштерге арналған маршруттық жол картасын табыстады. Маршруттық жол бағытына байланысты саяхатшы атамыз ары қарай Темір ауданына жол тартты. Бұл жұмыс музей саласындағы туризмді дамыту бағытындағы атқарылған іс-шаралардың бірі.
Осы шараны ұйымдастырып, басшылық еткен аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаеваның еңбегін айта кеткеніміз жөн.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.