Басты тақырып

ЛАГЕРЬ ОҚУШЫЛАРЫ ОЙЫЛ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ

«Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының ұйымдастыруымен, балалар жылы аясында балалардың жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында «Көкжар-Бәйтерек» туристік базасындағы жазғы демалыс лагеріне келген Байғанин ауданының 6-9 сынып оқушылары Ойыл өңірінің тарихымен танысты. Алдымен Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінде тарихы терең өлкеміздің табиғаты, өнері, тарихы, мәдениеті жайлы сыр шертетін 6 көрме залын аралап, тарихи жәдігерлер мен танысты. Музейдің экскурсия жүргізушісі Медет Құлмұқанов құнды экспонаттар мен музей тарихынан толық мәліметтер көрсетіп, кеңінен мағұлмат берді. Әрі қарай Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевке арналған «Өз заманының жарқын мотиваторы» атты тарихи-танымдық шара өтті. Аудандық музейдің ғылыми қызметкері Дулат Исабаев «Ойылдың ақ тарысын» дүниеге танытқан, әлем рекордшысы Шығанақ Берсиев туралы арнайы жасалған слайд арқылы түсіндіріп, балалық шағынан бастап, өмір жолын таныстырып өтті. Сонымен қатар мекемелер арасындағы байланысты дамыту аясында аудандық аурухананың салауатты өмір салтын қалыптастыру маманы Айгүл Майлыбаева қатысып, оқушыларға «Салауатты ұлт- мемлекеттің табысты болашағы» тақырыбында шара өткізді. Танымдық шарада оқушыларымыздың салауатты өмір салты жайлы білімдерін тереңдету, адам денсаулығының қымбаттылығын, денсаулықтың негізі қимыл, спорт, дұрыс тамақтану, таза ауада жүру жөнінде түсінік берді.

Танымдық шарадан соң оқушылар ауданның тарихи орындары мен«Көкжар жәрмеңкесі» қатарларын аралап, тарихымен танысты.

Г.АБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар