ӘлеуметБасты тақырып

«АУЫЛ АМАНАТЫ»ЖОБАСЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮЛКЕН МҮМКІНДІК

Кәсіп ашқысы келетін ауыл тұрғындарына “AMANAT” партиясы Үкіметпен бірлесіп, “Ауыл АМАНАТЫ” атты жобаны іске қосты. Бұл - мемлекет басшысының “Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы” аясында қолға алынған бастама. Ауылдық округ тұрғындарын жұмыспен қамтуды ұлғайту және еңбек табысын арттыру аясында қолға алынған  жобаның алға қойған міндеттерін түсіндіруге арналған мобильді топ Кемер, Қаратал ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, жобаның мақсатын түсіндірді.

Ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы мен табысын арттыруға бағытталған  жобаның мақсаты — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсету, ауыл тұрғындарын агробизнсеке тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді шешу, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру.

Ауқымды ақпараттық науқанды өткізу үшін ауыл тұрғындарын «Ауыл АМАНАТЫ» жобасының мүмкіндіктерімен таныстыру мақсатында 40 күндік республикалық марафон басталған болатын. Жоба аясында кәсіби бизнес тренерлер Динара Сүйінішқалиева, Амандық Абуов, Асқар Имағанбетов, Зульфия Шарафеддинова жобаның мақсатымен, шарттарымен кеңінен тоқталып өтті.

«Бүгінгі біздің мақсатымыз – ауыл тұрғындарына осы жобаның артықшылықтарын түсіндіру. Жобаның тағы бір мақсаты -кез келген тәсілдермен халықтың табысын арттыру. Оның ішіне халықты кәсіпкерлікке тарту, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың өндіріп отырған өнімдерін сату кіреді. 2023 жылға дейін қаржыландырылатын “Ауыл аманаты” жобасы аясында ауыл әкімдері арнайы оқудан өткен. Олар халыққа бағыт-бағдар бере алады.

Жобаға қатысуға кез-келген адам өтініш бере алады. Ұсынылған бизнес жоспардың қажеттілігі, тиімділігі ескеріле отырып, шешім қабылданады. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде бұл жоба қатысушыларына 2,5 пайызбен несие беру көзделуде. Егер мал шаруашылығын қолға алғыңыз келсе — 7 жылға, ал басқа кәсіпті нәсібіңізге айналдырар болсаңыз — 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Тек бір шарты бар. Үйіңізді кепілге қоясыз» — дейді жобаның шартын түсіндірген Асқар Имағанбетов.

Тұрғындар тарапынан жеңілдетілген несие алу, субсидияға қол жеткізу, сауатты бизнес жоспар құру тағы да басқа ауыл мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Саралжын-Қаратал-Ойыл.

Басқа жаңалықтар