Әлеумет

Әңгімеге үйір адамнан тігінші шықпайды!

Ойланып қарасақ адам өмірінде мамандық көп. Оны икемімізге қарай ажырата білу өз қолымызда. Бастысы мамандық таңдаудан қателесіп кетпесек болды. Кейде халқымызға қалаулы, елімізге елеулі болып қызмет көрсеткіміз келеді. Ол үшін бәріміз бірдей әкім, заңгер, сот болу шарт емес. Адамға қарапайым мамандықпен де еңбектің нанын татуға болады. Мысалға аспаз, дәнекерлеуші, құрылысшы, шаштараз, тігінші секілді кәсіби мамандықтардың да маңызы зор.

Менің бүгінгі қозғағым келіп отырған қарапайым мамандықтың бірі — тігіншілік өнері. Біз бала күнімізден апа, жеңгелеріміздің ине алып жыртылған киімді тігіп, жамап-жасқап отырғанын көріп өстік. Ал, қазір ше? Қазір мүлдем басқаша. Әдетте тігісінен кеткен киім болмаса, оны қалпына келтірудің тіпті қажеті жоқ-мыс. Жаңасын аламыз. Бітті. Инені түртуге икем келмегесін базарға тартамыз. Ол жақтың заңы қатал. Арзанынан алсаң, аз ғана уақыт киесің, қымбатынан алсаң ұзағырақ киесің. Бағасы да солай. Тойға барсақ ше? Онда «отвечаюға» кіреміз, кейін айлықты алаңсыз базардың бұрқыраған тай қазанына құямыз. Оның үстіне «бренд» деп алғанымыз бір жуылғаннан соң (сылпиып) созылып немесе тарылып қалатыны шындық. Мұндай сәтте кейбіріміз тігіншінің қызметіне жүгінеміз. Себебі талғамыңа сай тігілген киім пішініңе қарай жеті рет өлшеніп, бір рет кесіледі. Әрі базар бағасынан әлдеқайда арзан. Міне осындай қарапайым болса да, қоғамда сұранысқа ие тігіншілік мамандығын таңдаған жандардың бірі Райса Дінжанова. 1974 жылы Алматыдағы «Тұрмыстық қызмет көрсету министрлігі» жанынан ашылған оқу комбинатында киім тігудің қыр-сырын меңгеріп, «Әйелдер және балалар киімдерін дайындау шебері» атағын алған. Оқуы аяқталысымен ауылға келіп аудан орталығындағы тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында 19 жыл қызмет етіп, мұнда да тігіншілердің бригадирі, І класты тігін шебері атақтарына қол жеткізді.

1993 жылдан 2011 жылға дейін тігінші мамандығы бойынша село орталығындағы лицейде тігінші мамандығы бойынша мұғалім бола жүріп, өндірістік оқу шебері қызметтерін атқарды. Онда әр ауылдан жиналған қаракөздерімізге киім тігудің түрлі әдістерін үйретті. Яғни тігінші мамандарын дайындады. Кейін Ойыл қазақ орта мектебі жанынан ашылған тігін үйірмесіне жетекшілік етіп, оқушыларға өзі үйренген саланың қарапайым болса да өлмейтін мамандық екенін дәлелдеді. Әрине, ол кезде әр қыз баланың өзіне қажет мамандықты меңгеруге деген қызығушылықтары жоғары еді. Өйткені келін боп түскен жеріне «көк иненің түбінен түрте алмайды» деген атақ жағымсыз естілетін-ді. Мінекей осылайша өмірінің 40 жылға жуық уақытын тігіншілікке арнаған Райса Сансызбайқызы 2012 жылы зейнеткерлікке шықты. «Қолы қимылдағанға кедейлік жоқ» демекші, аяулы ана, ардақты әже үйде отырып та инесінен қолынан түсірмеді. Жергілікті биліктің қолдауымен жеке кәсіпкерлік ашып, қазіргі таңда тапсырыспен киім тігеді.

Райса апайдың айтуынша ұлттық киімдерге деген сұраныспен бірге талғам да жоғары. Сонымен бірге көбіне қыз-келіншектер той көйлектеріне тапсырыс береді. Райса апай киімнің бағасын киімнің күрделілігі мен пішіміне, матаның сапасына қарай қояды. Бір-ақ мұнда базардағыдай қатып қалған баға жоқ. Өте қолжетімді. Қазіргі таңда Райса Дінжанова «АЗАЙА» ЖШС оқу орталығымен келісімге келіп, аудандық жұмыспен қамту орталығы жанынан бөлінген қаржы есебінде 3 айлық тігіншілік курсын өткізіп жатыр. Бүгінде Райса апайдың жетекшілігінде үкімет тағайындаған шәкіртақымен 12 қыз-келіншек оқиды. Біз арнайы тілдесу барысында бұрыннан да икемі бар, епті, қолы шебер қыздарды аңғардық. Алайда инені енді қолына алып жатырғандар да жоқ емес. Мінекей Райса апай оларға инені сабақтаудан бастап, оймақты қалай пайдалану керектігін үйретіп келеді. Иненің ұшы жаныңда отырған адамдарға аса қауіпті болғандықтан оны ұзынырақ сабақтамас үшін кейбір қыздарына «Инені ұзынырақ сабақтасаң алысқа кетесің, қысқа сабақтасаң жақын жерден жайлы орын табасың» деп әзілдесіп отырады. Өйткені, бұл енді ғана ине ұстағандарды тігіншілікке бейімдеудің бірден-бір тәсілі. Тігіншілік өнері өте қарапайым болғанымен шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Ал балауса шағынан бар өмірін тігіншілікке арнаған Райса апайдың көз жеткізген қағидасына сүйенсек, әңгімеге үйір адамнан тігінші шықпайды екен…

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар