ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
Ақтөбе облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен отырыста қаралды
Ақтөбе өңірінде тау-кен өндіру саласында жұмыс істейтін 37 кәсіпорын тіркелген. Оның төртеуінде жұмыс шахталарда жүзеге асырылады. Жалпы, соңғы үш жылда өндірістік жарақаттану деңгейінің төмендеуі байқалады, деп хабарлады еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Абдухат Мырзалин.
Қазіргі уақытта басқарма «Халықтық бақылау», «Тікелей бақылау» және «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасы сияқты өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі жобаларды енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Бұл жобалар өңірдегі көптеген кәсіпорында енгізілген.
«Адам өмірі мен денсаулығы – мемлекет үшін ең басты құндылық.
Жақында орын алған қайғылы оқиға өндірістегі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдары екенін көрсетті.
Өңірде жұмыс істейтін тау-кен және мұнай өндіру салаларының барлық кәсіпорнында бұған дейін көтерілген сұрақтарды, күн тәртібіндегі мәселелерді қайта қарау қажет.
Анықталған кемшіліктер болса, жою шарт. Еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылау күшейтілуі тиіс», — деп Асхат Шахаров жауапты мемлекеттік орган басшыларына тапсырма берді.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі