Әлеумет

«Бақытты бала» — жемісті жоба болса…

Өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлының қолдауымен бастау алған «Бақытты бала» жобасы аясында біздің ауданда да балаларға арналған іс-шаралар өткізіліп келеді. Әрбір бала бақытты болуға ылайықты. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі, дарынды балаларға қол ұшымызды беріп алға қарай жетелесек түптің-түбінде бір жерді жарып шығары белгілі.

«Бақытты бала» дегенде ойыңызға не түседі?! Әрине ең бірінші шағын отбасы және үйді «базар қылатын» балалар. Бірақ бақытты бала атануы үшін оған отбасының мейрім жылулығын сезініп өсуі керек. Қоғамдағы барлық баланың жағдайын біле бермегендіктен осындай акция шаралары біз білмейтін балалардың  дарынын ашуы да ықтимал.

Осы орайда 12 айға жоспарланған шара аудандағы балаларды қамтамасыз етуге берілген мүмкіндік және осыған байланысты көптеген шаралар да ұйымдастырылды.

Ойылда озаттар көп

Біздің ауданда білімімен де, өнерімен де топ жарып жүрген дарынды оқушыларымыз жетерлік. Соңғы екі-үш жылда облыстық, республикалық байқауларға қатысып тұғырдан көрініп жүргендердің қатары көбейіп келеді. Оның бір айғағы жуырда ғана Астана қаласының 20 — жылдығына арналған «Ақтөбе жыр құшағында» атты облыстық балалар поэзиясының байқауына аудандық балалар кітапханасының ұсынысымен қатысқан, Ақкемер ауылы Жамбыл атындағы орта мектептің 5-ші сынып  оқушысы Әлімжан Базар жүлделі екінші орын иеленді. Кім білген болашақта Ойылдың атын биікке көтеретін тұлғалардың бірі шығар. Мұнымен қатар Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектептің оқушылары Түркістан қаласына барып демалып қайтты. Жалпы осы жобаны жүзеге асырып атсалысуға ауылдарда да түрлі байқаулар өткізіліп жатыр.

Балабақшадағы балғындар

«Ел болам десең, бесігінді түзе» демекші, «Бақытты бала» жобасына байланысты «Өскенде кім болғың келеді?» деген сұрақпен балабақшадағы кішкентай балғындарымызбен бала тілінде сөйлесіп қайттық. Балалы үйдің ұрлығы жата ма? Олар өздерінің ойларын бүкпесіз айна қатесіз жеткізеді. «Балдырған» балабақшасында «Балапан» тобындағы Әмірхан Асылай өскенде полиция болып, бұзық болған балаларды тәртіпке шақырғысы келеді. Ал Нұрлан Маржан өскенде дәрігер болғанды ұнатады екен. Дәрігер  бұл халыққа үнемі қажетті мамандықтардың бірі. Ал «Күншуақ» тобындағы Ғафуров Мейірхан болса әкесі сияқты өрт сөндіруші боламын дейді. Бұл да көңіл қуантады. Заман ағымына байланысты қазіргі балалардың да ойлау қабілеті кеңінен дамыған. Бұған көгілдір экрандағы «Балапан» арнасы да септігін тигізіп жатыр. Болашаққа деген қадамдарын енді басқалы жүрген бүлдіршіндеріміздің арманы асқақ және осы армандары орындалсын демекпіз. Кім білген Қазақстанымыздың атын шығарып әлемді мойындататын балапандарда арасында бар шығар. Әзірше олар бақытты бала ғана. Әрбір бала бақытты болуға ылайқты. Бірақ қоғамда біз білмейтін қаншама жағдайлар бар. Солардың ішінде көмекке мұқтаж балаларда жоқ емес. Осы акция барсында қала аумақтары бойынша қаншама тегін оталар  мен қайырымдылық іс – шаралар жасалуда. Бұл шаралар ешқашан тоқтамақ емес. Демек, «Бақытты бала» мәңгілік елдің кепілі.

Өміргүл ӘМІРХАНҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар