ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ҚАШАН ЖОЛҒА ҚОЙЫЛАДЫ?
КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ – КЕЗ КЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТЕ ҮЛКЕН МАҢЫЗҒА ИЕ. ОЛ ТЕМІР ЖОЛДАН ЖЫРАҚ ЖАТҚАН ОЙЫЛ АУДАНЫНДА ТІПТІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ. КҮРЕ ЖОЛМЕН ЖОЛАУШЫЛАР ҚАТЫНАЙДЫ, ЖҮКТІ ДЕ ТАСЫМАЛДАЙДЫ.БІР СӨЗБЕН АЙТҚАНДА АУДАННЫҢ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДА «КҮРЕ ТАМЫРЫ». БІРАҚ, ОЙЫЛДА СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ЖОЛДЫҢ «ЖЫРЫМЕН» ҚОСА, ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ДА ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕ БОЛЫП КЕЛЕДІ.

Көп жылдан бері жолаушылар тасымалы такси қызметіне тәуелді болып келді. «Қазаншының еркі бар». Жеке таксисттер қал-қадірінше қызмет етті. Бірақ, бағаны да, басқаны да әркім өзі «биледі». Жолаушыларды «жер соқтырып» кеткендер де болды.
Жолаушылар тасымалын тек табыс көзіне айналдыруға тырысып, тұтынушының құқығы, қызмет көрсету сияқты мәселелерді жиып қойған жүргізушілер әлі де көп. Сондай-ақ, электрондық төлемді қабылдамай, қолма-қол ақша сұрап кергитіндер де бар. Әсіресе, жолаушылардың қозғалысы көп жаз мезгілінде олардың құдайы беріп тұр. Көлік жүргізуге құқығы бар мұғалім де, еңбек демалысына шыққанның бәрі жазда таксист болып кетеді. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ, әлгі «бесіктен белі шықпаған» таксисттер осыған дейін тұрақты, әрі сапалы қызмет көрсетіп жүрген байырғы таксисттерге кір келтіріп жүр.
Жылдан жылға аудан көлеміндегі жолаушылар тасымалы артып келеді. Бетін әрмен, бірақ жолаушыларға талас пен жол бойындағы жарыстың салдарынан қайғылы аяқталған бірнеше жол-көлік оқиғасы да болды. Бір өкініштісі, жыл сайын жол көлік оқиғаларынан жазым болып жатқандарды айтпағанда, қаза тапқандардың да қатары қалыңдап барады. Оған негізгі себептердің бірі — жолаушылар тасымалы саласында жүйелі жұмыстың жоқтығы. Бір сөзбен айтқанда, біздің ауданның жолаушылар тасымалдау саласында күрмеуі күрделі түйткілдер жетерлік. Сондықтан, бұл салада қадағалауды қатаңдатып, талап пен тәртіпті күшейтпесе, жүгенсіз кеткен тасымалдаушылардың тәубесіне келер түрі жоқ. Олардың көпшілігінің заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысып жүргені де жасырын емес. Оларға тосқауыл қоюдың бірі жолы – бәсекелестікті күшейту.
Осыдан бір он күн бұрын Ақтөбе облысында жолаушылар тасымалы мен жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Ақтөбе – Ойыл», Ойыл – Ақтөбе» бағытында жарияланған конкурстың жеңімпазы анықталды. Осы конкурстың жеңімпазы жеке кәсіпкер Қанай Ермұхамбетов қызметіне кірісті. Қызмет бағасы да көңілге қонымды.
Сондықтан, біз облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы Есбол Базарғалиевтан осы маршруттың жай-жапсарын сұрадық.
— 2025 жылы облысішілік 12 бағыт бойынша жолаушы тасымалдауға автобус шықты. Жуырда Ақтөбе – Ырғыз, Ақтөбе – Ойыл және Ақтөбе – Т. Жүргенев бағыттары іске қосылды. Осыған дейін бірнеше жылдан бері кәсіпкерлердің ықылас танытпауы «Ақтөбе – Ойыл», Ойыл – Ақтөбе» бағытында маршрут ашуға мүмкіндік бермеді. Бізге түскен мәлімет бойынша әзірге сыйымдылығы орташа деңгейдегі бір автобус қатынап жүр. Бір күнде екі бағытта автобус қатынауы керек. Жеңімпаз мердігерге конкурстың талабы түсіндірілді, — деді Есбол Еңсепұлы.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.