Басты тақырыпБілім
«ДАРЫНДЫ ДАМЫТУ – ҰСТАЗ ПАРЫЗЫ»
Өткен апта аудандық мәдениет үйінде Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің балалар жылын қорытындылау аясында «Дарынды дамыту – ұстаз парызы» атты дарынды балаларды марапаттау кеші өтті. Салтанатты шара Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебі жайлы бейнематериалмен түрілді. Алғаш сөз алған мектеп директоры Маржан Жонысова мерекемен құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Облыстық «Жыл мұғалімі», Ы.Алтынсарин атындағы «Үздік» медаль иегері, осы мектепте еңбек еткен ұзтаз Майраш Ибрашева, қамқоршылық кеңесінің төрағасы Болат Бекетаев өзідерінің шынайы лебізін білдірді. Аудандық, облыстық додаларда топ жарған оқушыларға естелік сыйлықтар табыстады. Әуезді ән мен мың бұралған бишілердің өнерімен жалғасқан шарада марапат тапсыру одан әрі жалғасын тапты.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Алтынай Наурызова республикалық байқаулардан орын алған дарынды оқушыларды марапаттады. Олардың қатарында Нұрзат Әбубәкір, Перизат Әділбаева, Ораз Мұздақбай, Марина Жауынбаева, Камила Гатаулина, Айжұлдыз Мәденбаева бар.
Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің даңқын асырып, биік жетістіктерге жеткізер мектеп мақтаныштары – олимпиада, білім байқаулары, өнер сайыстары мен қоғамдық жұмыстардың жеңімпаздары дәріптелген шараны ұстаздар әсем әнмен әрлесе, қара өлеңді жанына серік етіп жүрген оқушылар жүректен шыққан туындыларын тарту етті.